Павлодарда келесі жылы бірнеше көшеге асфальт төселеді

Павлодарда келесі жылы бірнеше көшеге асфальт төселеді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Бұған тұрғындардың өтініші себеп болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков тұрғындармен кездесіп, жол мәселесін көтерген азаматтардың өтінішін тыңдады. 

Кездесу барысында тұрғындардың бірі көктем мен күзде, әсіресе жаңбырлы күндері көшеде жүру қиындайтынын жеткізді. Оның айтуынша, бұл мәселе бойынша бұған дейін де әкімдікке өтініш жазып, көшенің жағдайын көрсететін фотосуреттер мен бейнежазбаларды жолдаған. 

– Биыл асфальт төсеп үлгермейміз. Ауа райы мүмкіндік бермейді. Осы аптада көшеге қиыршық тас төсейміз. Грейдер шығарып, топырақтың үстіңгі қабатын алып, орнына қиыршық тас төгіп, нығыздаймыз. Ал келесі жылы көшеге асфальт төсейміз. Бұл жұмысты бір апта ішінде аяқтаймыз, – деді Хасар Хабылбеков.

Сонымен қатар, қала тұрғын Алтайская көшесінде жаңбыр жауған кезде судың көшенің ортасына дейін жиналатынын айтты.

Қала әкімі бұл мәселені білетінін, келесі жылы Алтайская көшесі мен үнемі су жиналатын Щедрин көшелеріне жергілікті су бұру жүйесін қарастыруды тапсырды.