Мемлекеттік сатып алудағы жауапкершілік: Павлодарда жаңа бақылау тетігі талқыланды
Бұзушылықтар көлемі 95,2 миллиард теңгеге жетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысының «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында мемлекеттік сатып алу шарттары бойынша міндеттемелердің тиісінше орындалмау тәуекелдерін алдын ала анықтауға арналған семинар өтті. Кездесуде бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуына жол бермеу және тапсырыс берушілер мен мердігерлердің жауапкершілігі талқыланды.
Семинарға мемлекеттік органдардың өкілдері, құрылыс қауымдастықтарының мүшелері және басқа да мүдделі тұлғалар қатысты.
Жиында мемлекеттік сатып алу шарттарының орындалуын, соның ішінде құрылыс-монтаж жұмыстарына қатысты міндеттемелерді превентивті бақылаудың жаңа тетігі түсіндірілді.
Ішкі мемлекеттік аудит комитеті мен оның аумақтық бөлімшелері жүргізетін мониторинг нәтижесінде бюджет қаражаты есебінен іс жүзінде орындалмаған жұмыстар мен жеткізілмеген тауарлар үшін ақы төлеуге байланысты қаржылық бұзушылықтар анықталады.

Ведомство өкілі Айнұр Қапенова бұзушылықтар көлемінің жыл сайын артып келе жатқанын атап өтті.
– 2024 жылы 26 миллиард теңге сомасында бұзушылықтар анықталды, 2025 жылы бұл көрсеткіш 59,5 миллиард теңгені құрады, ал 2026 жылдың өткен кезеңінде оның көлемі 95,2 миллиард теңгеге жетті. Көріп отырғанымыздай, көрсеткіш жыл сайын өсіп келеді. Сондықтан Қаржы министрлігі мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша міндеттемелердің тиісінше орындалмау тәуекелдерін алдын ала анықтау тетігін әзірледі. Камералдық бақылаудың мақсаты – осындай сатып алуларға жұмсалатын бюджет қаражатының негізсіз пайдаланылуына жол бермеу және мемлекеттік аудит объектілерінің әкімшілік әрі қылмыстық жауапкершілікке тартылу тәуекелдерін азайту, – деп түсіндірді Айнұр Қапенова.
Оның айтуынша, шілде айынан бері департамент жалпы сомасы 2,1 миллиард теңгені құрайтын орындалған жұмыстардың 51 актісіне камералдық бақылау жүргізген. Нәтижесінде 22 хабарлама жолданған.
Семинарда мемлекеттік сатып алу шарттары бойынша жауапкершілік екі тарапқа да жүктелетіні ерекше атап өтілді. Тапсырыс беруші де, мердігер кәсіпкер де өз міндеттемелерін тиісінше орындауға міндетті.
Мемлекеттік жобалардың сапалы әрі уақтылы жүзеге асуы үшін тараптардың өзара жауапкершілігі мен бюджет қаражатының ашық жұмсалуы маңызды.