Павлодарда тұрғын үй кешенін салып жатқан Өзбекстанның азаматтары жазаланды

Павлодарда тұрғын үй кешенін салып жатқан Өзбекстанның азаматтары жазаланды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жұмыс беруші де жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды  @Рavlodarnews.kz.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, облыс аумағында көші-қон заңнамасы құқық бұзушылықтарының алдын алуға бағытталған төрт күндік «Мигрант» жедел алдын алу іс-шарасы аяқталды. Шара шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдалану фактілерінің жолын кесуге бағытталған.

– Осындай мысалдардың бірі – мердігер Павлов көшесіндегі тұрғын үй кешенін салуға Өзбекстанның сегіз азаматын жұмысқа тартқан. Шетелдіктер ҚР ӘҚБтК 517-бабы 5-бөлігі бойынша жауапкершілікке тартылды. Сот айыппұл салды. Жұмыс беруші де жазаланды. Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып, шетелдік жұмыс күші мен еңбек  иммигранттарын  тартқаны үшін оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 519-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды, – деді департаментте. 

Екі күннің ішінде полицейлер еңбек қызметін тиісті рұқсатсыз жүзеге асырған 43 шетелдік азаматты, сондай-ақ оларға жұмыс берген 11 кәсіпкерді анықтап, ҚР ӘҚБтК-нің 519-бабы 1-бөлігі бойынша жауапқа тартты.  

Облыс аумағында болудың заңды мерзімдерін бұзған 62 шетелдік анықталды.  Бұрын елден кетуден қасақана жалтарған алтауына енді бес жылға дейін елге кіруге тыйым салына отырып, Қазақстаннан  шығарылды. 

Жедел алдын алу іс-шарасы  кезеңінде 108 шетелдік анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 60 азаматқа елде  болу мерзімі қысқартылды.