Министрден Ақсуда балаларға арналған оңалту бөлімшесін ашуды сұрады
Қалалық аурухананы жөндегеннен кейін оңалту бөлімшесінің ашылуы қарастырылатын болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың Павлодар облысы жұртшылығымен кезедесуінде Ақсудан келген аутист баланың анасы елордалық мекемеге кезек өте баяу жүретініне шағымданып, квоталар санын көбейтуді сұрады. Одан бөлек, Ақсуда оңалту орталығының жоқтығынан әйел адам ұлымен күн сайын Павлодарға баруға мәжбүр.
– Әр мұқтаж бала мамандардың кеңесін, ұсынысын алу үшін осы орталыққа жүгінуі тиіс. Ол бойынша жергілікті жерлерде баламен күн сайын айналысу керек, — деп жауап берді Ажар Ғиният. – Денсаулық сақтау министрлігі «қамқорлық» қоғамдық қайырымдылық қорымен бірлесіп аудандық ауруханаларда оңалту орталықтарын ашады, мамандарды оқытады, жабдықтармен қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар, еліміздің бас дәрігері Ақсуды жол картасына енгізуді ұсынды. Ол қалалық аурухананы жөндегеннен кейін ондағы оңалту бөлімшесін ашу мүмкіндігін қарастыратын болады.
Айта кетейік, Павлодарда 2020 жылдан бері «Асыл Мирас» аутизм орталығы жұмыс істейді. Ал, биыл наурыз айында аутизм спектрі бұзылған балаларға арналған күндізгі орталықты ашу жоспарлануда. Ол айына 110 келушіге арналатын болады.
Кейінірек Ажар Ғиният журналистермен өткен баспасөз жиынында министрліктің ауыл медицинасына көп көңіл бөлетінін айтты. Медициналық нысандарда барлық жағдайлар жасалуы тиіс екенін атап өтті. Яғни, физиотерапиялық, ЕДМ кабинеттердің, оңалту қызметінің болуы қарастырылуы қажет.
Естеріңізге сала кетейік, Павлодар облысына жұмыс сапары барысында денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Торайғыров университетінде өңір тұрғындарымен кездесті. Оған қоса, облыстың емдеу мекемелерінде медициналық инфрақұрылыммен және медициналық қызметтердің сапасымен танысты.
Фото: Константин Шелков