Павлодарда жедел жәрдемге Telegram боты арқылы хабарласатындар көбейді
Цифрлық сервис тұрғындардың уақытын айтарлықтай үнемдейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысында жедел жәрдемді Telegram арқылы шақыруға мүмкіндік беретін 103_pvl боты алты жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келеді.
Павлодар облыстық жедел жәрдем бөлімшесінің бас инженері Серік Ішмановтың айтуынша, жоба алты жыл бұрын «103» желісіне түсетін жүктеме күрт артқан кезеңде іске қосылған.
– Қызмет алғаш COVID-19 пандемиясы кезінде енгізіліп, бүгінде тұрғындар мен диспетчерлердің жұмысын жеңілдетуге көмектесіп отыр. Сол кезде біздің өтінішіміз бен ұсыныстарымыз негізінде арнайы Telegram-бот әзірленді, – деді Серік Ішманов.
Коронавирус өршіген кезеңде жедел жәрдемге шұғыл көмекке мұқтаж науқастар ғана емес, кеңес алғысы келген тұрғындар да жиі хабарласқан. Соның нәтижесінде Telegram-бот іске қосылып, тұрғындарға қоңырау шалмай-ақ жедел жәрдем шақыру мүмкіндігі берілді.
Қызметті пайдалану үшін қолданушы бірнеше қарапайым сұраққа жауап беріп, шағымын, мекенжайын және байланыс нөмірін енгізеді. Мәліметтер бірден диспетчердің үлкен экранына түседі. Мамандар шақыртудың шұғылдығын бағалап, оны автоматты түрде жедел жәрдем бригадасына жібереді. Қажет болған жағдайда диспетчер пациентпен байланысып, қосымша мәліметтерді нақтылайды. Бұл уақытта бригада шақыртуға жолға шығып үлгереді.
– Telegram-бот кәдімгі қоңырау сияқты емес, хабарлама арқылы жұмыс істейді. Онда өте қарапайым сұрақтар қойылады: не мазалайды, қай жерде орналасқансыз және басқа да қажетті мәліметтер. Осы ақпараттардың барлығы диспетчерге бірден көрінеді, – деді инженер.
Жүйенің маңызды артықшылықтарының бірі – есту және сөйлеу қабілеті бұзылған азаматтарға қолжетімділігі. Егер олардың жанында жақындары болмаса, олар ешкімнің көмегінсіз Telegram-бот арқылы жедел жәрдем шақыра алады.
Алғашқы жылы тұрғындар жаңа қызметке күмәнмен қараған. Кейбірі адам факторы азаяды деп қауіптенген. Алайда уақыт өте келе, әсіресе цифрлық сервистерді белсенді қолданатын жастар бұл мүмкіндікті жиі пайдалана бастаған.
Қазір 103_pvl Telegram-боты арқылы тәулігіне орта есеппен сегіз шақырту қабылданады. Жылдық көрсеткіш бойынша бұл қызмет «103» желісіне түсетін жүктемені азайтуға елеулі үлес қосып келеді.