Асайын Байханов жатақхананың жөндеу жұмыстарына оң баға берді
Облыс әкімі медицина колледжінің дәрігерлері мен студенттеріне арналған жатақхананың жөндеу жұмыстарымен танысты, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.
Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін мұнда жас мамандар мен арнайы шақырылған қажетті мамандық иелеріне арналған 30 пәтер және 100-ден астам болашақ дәрігерге арналған бөлмелер пайда болады.
– Қаншама заманауи медициналық техниканы сатып алсақ та, ауруханалар мен емханаларды қалай жабдықтасақ та, білікті мамандарсыз олардың көк тиын да пайдасы болмайды. Дәрігерлерді оқытуға және олардың біліктілігін арттыруға қаражат бөлу жеткіліксіз: өңірде мықты мамандарға жұмыс істеу үшін жағдай жасау қажет, – деп жазды Асайын Байханов Іnstagram әлеуметтік желісінде.
Осы бағыттағы қадамдардың бірі - медицина колледжінің дәрігерлері мен студенттеріне арналған 189 орындық жаңа жатақхана. Ол үшін И. Байзақов көшесі, 151/2 мекенжайындағы әкімшілік ғимарат жөндеуден өткізілуде. Үй-жайлардың бір бөлігінде №1 емхананың бөлімшесі орналасқандықтан, жұмыстар біраз кешіктірілуде. Алайда, мұндағы бөлімше жақын арада бұрынғы №13 мектеп ғимаратына көшеді.
2000 шаршы метр аумақта 107 студент үшін 35 бөлме мен жас мамандарға арналған бір-екі бөлмелі 30 пәтер болады. Сондай-ақ, ғимаратта оқу сыныптары, тренажер залы, кітапхана, кір жуатын орын және т. б. жайлар орналасатын болады.
Қазіргі кезде ғимаратта кірпіш қабырғалар қаланып, төбелер мен едендер жөнделді, сантехникалық жабдықтар ауыстырылды. Ішкі инженерлік желілер - сумен жабдықтау, кәріз, жылыту және желдету жүйелерін, қасбетті және кіре берісті жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жұмыстарды «Промжилстройкомплекс» ЖШС мердігерлік ұйымы жүргізуде. Жобаны қаржыландыру сомасы 800 млн теңгеден асты.
Аймақ басшысы қазірдің өзінде жасалған жұмыс сапасы көңілден шығатынын атап өтті. Сондай-ақ ол бұл жағдайлар дәрігерлерге өз кәсібімен айналысып, тұрғындардың денсаулығына қамқорлық жасауда тұрмыстық қиындықтарға алаңдамауға мүмкіндік береді деген сенім білдірді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram