Оқушылар алдында – ауыр үкім: Ақсуда ірі есірткі ісі қаралды

Сот процесі жастар арасында есірткі қылмыстарының алдын алуға бағытталған профилактикалық шара аясында көрсетілім ретінде өткізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ақсу қаласының ауданаралық сотында аса ірі мөлшерде психотроптық заттарды заңсыз сатып алу, сақтау және тасымалдау арқылы оларды сатпақ болған жергілікті тұрғынға қатысты қылмыстық іс қаралды.
Іс-шараға Ақсу қара металлургия колледжінің студенттері мен қала мектептерінің оқушылары қатысты.
Тергеу материалдарына сүйенсек, айыпталушы ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында әрекет еткен.
– Ол «Telegram» мессенджері арқылы есірткі салынған жерасты жасырын орнының координаттарын алып, сол жерден 38 орама тәркілеген. Бұл орамаларда психотроптық заттар, соның ішінде аса қауіпті синтетикалық каннабиноид – MDMB-4-en-PINAKA болғаны анықталды. Сараптама қорытындысы мен тергеу нәтижелері аталған заттардың заңмен тыйым салынғанын және оларды сату мақсатында алынғанын көрсетті, – деді облыстық прокуратурада.
Істі тергеумен Ақсу қалалық полиция бөлімі айналысқан. Сот отырысы барысында айыпталушының кінәсі толығымен дәлелденді. Мемлекеттік айыптаушы бұл істі аса ауыр қылмыстар санатына жатқыза отырып, қатаң жаза қолдануды сұрады.
Сот ер адамды кінәлі деп танып, оған жеті жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар, сот мүлкін тәркілеуді шешті.
Аталған үкім заңды күшіне әлі енген жоқ.