Қызметтік әдеп нормаларын бұзған павлодарлық шенеунікке қатаң сөгіс беру ұсынылды

Қызметтік әдеп нормаларын бұзған павлодарлық шенеунікке қатаң сөгіс беру ұсынылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Әдеп жөніндегі кеңес отырысында қызметкерлерге қатысты дауыс көтеру және әдеп нормаларын бұзу фактісі қаралды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысында Павлодар облысы әділет департаменті басшысының орынбасары Айдын Сәменқұловқа қатысты қызметтік тергеп-тексеру нәтижелері баяндалды. Материалдарға сәйкес, 2026 жылғы ақпан айының соныңда өткен қызметтік жиналыс барысында ол қызметкерлерге қатысты дауыс көтеріп сөйлеп, әріптестерінің ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіруі мүмкін сөздерді қолданған.

Қызметтік тергеп-тексеру барысында ұсынылған аудиожазбалар мен қатысушылардың түсініктемелері зерделенген. Бірқатар қызметкерлер жиналыс барысында даулы жағдай орын алғанын растаған. Өз кезегінде Айдын Сәменқұлов өз түсініктемесінде кінәсін мойындамай, жағдайдың туындауын арандату әрекеттерімен байланыстырғанын алға тартты.

Тергеп-тексеру қорытындысына сәйкес, аталған әрекеттер Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңының 49-бабы талаптарына және Мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінің нормаларына қайшы келетіні атап өтілді. Атап айтқанда, мемлекеттік қызметшілер ұжымда іскерлік және өзара құрмет қағидаттарын сақтауға, әріптестерінің ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті.

Кеңес мүшелері қызметтік әдеп нормаларын қатаң сақтау қажеттігін атап өтіп, мұндай жағдайлардың мемлекеттік қызмет беделіне кері әсер ететінін жеткізді.

Отырыс қорытындысы бойынша Әдеп жөніндегі кеңес уәкілетті тұлғаға облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары Айдын Сәменқұловқа қызметтік әдеп нормаларын сақтамағаны үшін қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік жаза қолдануды ұсынды.