Екібастұзда қоқысқа арналған 1500 жаңа еуроконтейнер қажет
Қала әкімі шағын және орта бизнес субъектілерінің қоқысты шығару бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аян Бейсекиннің айтуынша, 1 қаңтардан бастап ШОБ субъектілерінің 1400 бірлігі қоқысты шығаруға шарттар жасасты. Өткен жылдармен салыстырғанда оң динамика байқалады. Алайда, кейбіреулерінде тұрмыстық қатты қалдықтарды тасымалдауға келісімшарттары жоқ. Осыған байланысты оларға тиісті хабарламалар жіберілген.
– Бұл жерде тұрғын үйлерде және жеке тұрған ғимараттарда кеңселері мен бизнес объектілері бар жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер және жеке кәсіпкерлер қоқысты шығаруға шарт жасасуға міндетті екенін атап өткен жөн. Олай болмаған жағдайда әкімшілік айыппұл қарастырылған, – деді шаһар басшысы.
Бұл ретте, аталмыш мәселені шешу үшін бұзушыларды жедел анықтау және шаралар қабылдау үшін уәкілетті органдар мамандарының қатысуымен жұмыс тобын құру талқыланды.
Сондай-ақ, коммуналдық кәсіпорынмен жаңа еуроконтейнерлер сатып алу мәселесі талқыланды. Бүгінгі таңда қажеттілік шамамен 1500 бірлікті құрайды. Қала әкімі ТКШ бөліміне осы мәселені пысықтауды тапсырды.