Павлодар өңірінде жастарға арналған тұрғын үй қолдауы кеңейтілуде

Павлодар өңірінде жастарға арналған тұрғын үй қолдауы кеңейтілуде
Фото: istockphoto.com/andreswd

Алғашқы алты ай ішінде отыз мыңға жуық консультация көрсетілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Аймақта жастардың тұрғын үйге қол жеткізу мүмкіндігін кеңейту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Жастар бастамаларын дамыту орталығы базасында жастардың өзекті сұрақтарына «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсететін арнайы орталық жұмыс істейді. Мұнда жас азаматтарға жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларына қатысу бағытында кешенді қызмет ұсынылады.

Ағымдағы жылдың алғашқы алты айында орталық тарапынан жастар мен жас отбасылардың тұрғын үй мәселелерін шешуге бағытталған отыз мыңға жуық консультация көрсетілген. Оның ішінде офлайн форматта небәрі 96 консультация, ал онлайн режимінде 23 мыңнан астам қызмет ұсынылды. 

Жастармен тікелей жұмыс жасаудың бір үлгісі ретінде Кенжекөл ауылында ұйымдастырылған көшпелі кездесу атап өтілді. Іс-шараға қатысқан 25 жас мамандардан тұрғын үй бағдарламалары туралы толық ақпарат алды. Кездесу «Отбасы банкінің» өкілдерімен бірлесіп өткізіліп, олар өтінім беру тәртібі, несие талаптары және мемлекеттік қолдауға қол жеткізу жолдары бойынша кеңес берді. Қатысушылар үй сатып алудың түрлі нұсқалары жөнінде кәсіби түсініктеме алып, өздерін толғандырған сұрақтарын қоя алды.

Облыста жастарды тұрғын үймен қамтуға бағытталған «Ертіс жастары» жобасы да нәтижелі бастамалардың бірі саналады. Жоба 2023 жылдың соңында қаржыландырылып, оған негізінен Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларының жастары қатысқан. Жоба аясында 40 өтінім қабылданып, олардың 30-дан астамына қолдау көрсетілді. Биылғы жылы Екібастұз қаласының жас отбасылары қатысуға ниет білдірген еді, осы бойынша жұмыстар жүргізілді. Келесі жылы бұл жұмыстар әрі қарай жалғасады деп күтілуде.

– «Ертіс жастары» жобасының мақсаты – жастарға баспаналы болуына нақты әрі уақтылы көмек көрсету. Біз үшін ең бастысы – жастардың тұрақты өмір сүруіне жағдай жасау және олардың болашағына мүмкіндік беру, – деді облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы жастар және отбасы бөлімінің басшысы Жаннұр Ахметжанова.

Өңірде жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше көңіл бөлінуі – өңірдің әлеуметтік саясатының маңызды бөлігі. Қолданыстағы жобалар мен жаңа бастамалар мыңдаған жастың өз баспанасына қол жеткізуіне жол ашпақ.