Павлодар облысы аудандарында су басу қаупі жоқ

Павлодар облысы аудандарында су басу қаупі жоқ
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Шөп шығару жұмыстары әкімдіктердің күнделікті бақылауында, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.   

Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен аппарат кеңесінде облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Әйгерім Қабылтаева мәлім етті.  

– Оба және Үлбі өзендерінің бүйірлік ағымының өсуіне байланысты Шүлбі су қоймасының көлемі 2,6 текше километрге жетті. Бұл максималды көрсеткіш болып табылады. Сондықтан «Ертіс» бассейндік инспекциясымен қазан айының 1-інен 14-іне дейін Шүлбі су қоймасынан су жіберу  мөлшерлері  секундына 650 текше метрден 1000-1100 текше метрге дейін ұлғайту шешімі қабылданды, – деді Әйгерім Қабылтаева.

Басқарма басшысы ұсынған мәліметке сүйенсек, бұл көлемде жіберілген су Ертіс жайылмасына толықтай шықпайды, тек жанындағы шағын өзендерге әсер етеді. Алайда күн сайын Қазгидрометте облыс аймағында орналасқан гидробекеттер арқылы су деңгейі бақылануда және қосымша Ямышево, Ақсу, Тереңкөл аймақтарында гидробекеттер орнатылған.

Шабындық жайылымдарын су басу тәуекелдерін болдырмау,  төмен орналасқан шабындық жерлерден дайындалған шөп қорларын шығару жұмыстарын бақылау мақсатында облыс әкімінің орынбасары Серік Батырғожиновтың төрағалығымен штаб құрылған. 

– Тәуекел аймағында рельефі төмен аудандар – Павлодар, Ақтоғай. Павлодар ауданы бойынша судың көтерілуі Заря ауылынан Долгое ауылына дейінгі Подстепка өзенінде  жеткілікті беріктікті қамтамасыз етпейтін өткелдер мен қанағаттарлықсыз жағдайдағы құмнан жасалған апаттық көпірлер байқалды, – дейді Әйгерім Қабылтаева.

Баяндамашының сөзінше, Павлодар ауданының әкімдігі қосымша су құбырларын өткізу бойынша жұмыс  жүргізген. Бүгінде  өзендегі су деңгейі төмендеген.

– Ешбір ауданда су тасқыны қаупі жоқ. Ақтоғай ауданы бойынша Мүткенов, Өтес, Исантерек ауылдарының жайылма және шабындық аймақтарында су басу байқалмады. Аудан әкімдерінің мәліметінше, шалғындарда 68 мың тонна шөп бар.  Шөпті шығару жұмыстары әкімдіктердің күнделікті бақылауында. 400-ден астам техника тартылған. Сонымен қатар 14 қазаннан бастап Шүлбі су қоймасында су жіберу мөлшері навигациялық кезеңге сәйкес 650 текше метр көлемде  орнатылды, – деді спикер. 

Облыс әкімі Асайын Байханов әкімдерге бұл мәселеге қатысты шаруаларға уақытылы шөп жинау бойынша  көмек көрсетуді және  жеке бақылауда ұстауды тапсырды.