Павлодар ауданында тұрғындар сараптаманы қалаға бармай-ақ біледі
Заңғар ауылының 520 және Коряковка ауылының 176 тұрғынын қабылдайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар ауданына қарасты Заңғар ауылында жаңа акушерлік- фельдшерлік пункт ашылды.
Заңғар ауылының тұрғындары заманауи аппараттармен жабдықталған ФАП-тың қызметіне жүгінеді. Жаңа нысан халықты толыққанды медициналық көмекпен қамтиды.
Павлодар ауданындағы ашылған алғашқы ақпараттандыру кабинетінде тұрғындар қашықтықтан медициналық кеңес ала алады. Сонымен қатар, кардиотокография аппараты арқылы болашақ аналарға тексеруден өту мүмкіндігі жасалған.
– Қазір төрт жүкті әйел тіркеуде тұр, әр уақыт жағдайларын тексеріп, қадағалап отырамыз, – дейді пункттің фельдшері Айнұр Абитанова.
Фельдшердің айтуынша, осы уақытқа дейін Заңғар ауылындағы клубтың екі бөлмесінде адамдарды қабылдап келген. Енді жаңа пунктте сараптамаларды алып, қалаға жіберіп, натижесін тұрғындар ауылдан шықпай тұрып біле алады. Себебі, пункт толық жабдықталған.
Фельдшерлік-акушерлік пунктте 23 мүмкіндігі шектеулі жан тіркеуде тұр, оларды уақытылы қабылдап немесе фельдшер өздері барып тексеріп кетеді. Пункттің өзінде көлік болмағандықтан, орталық ауруханаға емделушілерді аурухананың немесе Ефремовка ауылының көлігімен жеткізеді.
Жаңа медициналық пункт «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынған. Нысанның құрылысына 190 миллион теңге жұмсалған.