Павлодар автодромында өрт сөндірушілер жүргізушілік шеберліктерін сынады

Павлодар автодромында өрт сөндірушілер жүргізушілік шеберліктерін сынады
Фото: Константин Шелков

Жарыстың мақсаты – төтенше жағдай кезінде өрт сөндіру көліктерін қауіпсіз әрі жедел басқару дағдыларын жетілдіру, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысындағы өрт сөндіру бөлімдерінің 20 командасы арнайы техникамен күрделі маневрлер орындап, жүргізушілік шеберліктерін сынады.  Жарыс екі кезеңнен тұрды. Алдымен төтенше жағдайлар департаментінде жүргізушілердің теориялық білімі тексерілді. Ал екінші кезеңде қатысушылар автодромда практикалық тапсырмаларды орындап, салмағы 15 тоннаға дейін жететін арнайы техниканы басқару шеберліктерін көрсетті.

– Сынақтар өрт сөндіру бөлімінен шығуды имитациялаудан басталды. Қатысушылар жауынгерлік киімдерін киіп, өрт сөндіру көліктеріне отырып, жаттығу трассасына жол тартты. Оларды жолда теміржол рельстері, көпір, ирек жол, 90 градусқа бұрылу, жаяу жүргіншілер өткелі және бүйірлік тұраққа қою секілді кедергілер күтіп тұрды. Соңғы тапсырмалар гаражға артқы жүріспен кіру және жауынгерлік қанат жаю нормативін орындау болды. Қатысушылар белгіленген нысананы дәл көздеп, су шашуы керек еді. Осыдан кейін сынақ аяқталды деп есептелді, – деді өрт сөндіру басқармасының аға инженері Михаил Кузембаев.

Жарыс барысында жылдамдықпен қатар, жол қозғалысы ережелерін сақтау және әр тапсырманы мүлтіксіз орындау талап етілді. Мәселен, теміржол өткелінің алдында жүргізушілер тоқтап, жолдың қауіпсіз екеніне көз жеткізуі керек болды. Ал көпірде көлікті тұрақ тежегішімен тоқтатып, содан кейін ғана қозғалысты жалғастыру қажет еді.

Қатысушылардың айтуынша, өрт сөндіру көлігін басқару үлкен жауапкершілікті талап етеді. Әсіресе, шұғыл шақырту кезінде жылдамдықты сақтай отырып, жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету маңызды.

– Өрт сөндіру көліктерінің жүргізушілері үшін қала ішінде жылдам қозғалу дағдысы жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтаумен тығыз байланысты. Жолдағы жағдайды үнемі бақылап, жолақ ауыстыруды дұрыс орындау, арнайы техниканың габариттерін ескеру және қызмет көрсететін аумақты жақсы білу қажет, – деді жарысқа қатысқан Екібастұз қаласындағы №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің жүргізушісі Жанболат Тәукенов.

Оның сөзінше, еңбек жолын енді бастаған жүргізушілер үшін көлемі үлкен арнайы техниканы басқару кезінде қобалжу болуы мүмкін. Себебі олардың мойнында адам өмірі мен қауіпсіздігіне тікелей қатысты міндет тұр. Өрт орнына уақытында жетіп, су беруді қамтамасыз ету – жүргізушінің негізгі жауапкершілігінің бірі.

– Өрт сөндіру көлігінің жүргізушісі тек көлік басқарумен шектелмейді. Ол жанар-жағармай материалдарын бақылауға, өрт сөндіруге қажетті заттардың жеткілікті болуына және көліктің жауынгерлік міндетті орындауға дайындығына да жауап береді, – деп атап өтті Жанболат Тәукенов.

Ұйымдастырушылардың пікірінше, мұндай жарыстар жүргізушілердің кәсіби дайындығын бағалап қана қоймай, олардың төтенше жағдайларда шапшаң әрі дұрыс шешім қабылдау қабілетін шыңдауға мүмкіндік береді. Өйткені өрт сөндірушілер үшін әр секунд маңызды болғанымен, жол қауіпсіздігін сақтау, дәлдік пен тәртіп те басты орында.