Шаршадық: Павлодарда екі ер адам аялдамада ұйықтап қалды
Оларға бес АЕК көлемінде айыппұл салынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, сағат 23.45-те қала тұрғыны қоңырау шалып, вокзал маңы көшесіндегі аялдамада ер адам ұйықтап жатқанын хабарлаған. Оқиға орнына келген тәртіп сақшылары ішімдік ішкен ер адамды оятқан. Ол досының туған күнін атап өткенін, таксиге ақша болмағанын және қатты шаршағанын айтып ақталған.
– Сол күні сағат 03.02-де полиция Горький көшесіндегі аялдамадан тағы бір мас адамды алып кетті. Қатты ұйықтағаны соншалық, әрең оянды. «Неліктен аялдамада ұйықтап жатырсыз?» деген сұраққа мас адам шаршағанын айтқан, – дейді департаментте.
Мас және шаршаған адамдар уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына жеткізілді.
Айта кетерлігі, мұндай бұзушылық бір жыл ішінде қайталанған жағдайда айыппұл мөлшері екі есеге артады не бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алынады. 2024 жылдың басынан бері аймақтың 2 300 тұрғыны мас күйінде қоғамдық орында жүргені үшін жауапқа тартылды.