Павлодар облысы мектептерінде бірыңғай сынып сағаты өтті
Іс-шара «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірдің барлық білім беру ұйымдарында 11-сынып оқушыларына арналған «Білім – мемлекеттік саясаттың басты құндылығы: жаңа Конституцияда айқындалған басымдықтар» тақырыбында бірыңғай республикалық сынып сағаты өтті.

Облыс бойынша сынып сағатына бес мыңнан астам мектеп бітіруші түлек қатысты. Кездесу барысында жастарға Қазақстан Республикасының Конституциясындағы негізгі өзгерістер мен басым бағыттар түсіндіріліп, білімнің ел дамуы үшін маңызды құндылық екені айтылды. Сонымен қатар оқушылардың құқықтары мен міндеттері, заңға құрмет пен жауапкершілік мәселелері талқыланды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға көмектеседі.
– Оқушыларға Конституцияның маңызын түсіндіру, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру және азаматтық жауапкершілігін қалыптастыру өте маңызды. Мұндай сынып сағаттары жастардың ел болашағына бейжай қарамауына ықпал етеді, – деді ұйымдастырушылар.
Айта кетейік, тәрбие сағаты оқушылардың азаматтық ұстанымын нығайтып, «Адал азамат» құндылықтарын бойына сіңіруге бағытталған.