Павлодар облысы жаңа инвестициялық кезеңге өтуде: басымдық – қайта өңдеуде

Павлодар облысы жаңа инвестициялық кезеңге өтуде: басымдық – қайта өңдеуде
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Аймақ дамудың жаңа сатысына қадам басуда. Бұл жолы бағдар шикізатқа емес, дайын өнім шығаруға бағытталған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Экономикалық өсудің негізгі мәселелерін облыс басшылығы мен ірі инвесторлар талқылады. Негізгі назар – өңдеу өнеркәсібін дамытуға және ауқымды инвестициялық жобаларды іске асыруға аударылды.

Облыс әкімі Асайын Байханов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті міндеттер және оларды цифрлық трансформация арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмаларға сәйкес өңірдің басымдықтары белгіленуі тиіс екенін атап өтті. 

– Павлодар облысы – елдің индустриялық орталығы. Біз бұл міндеттерді іске асыруға белсене қатысатынымызға сенімдімін. Оның үстіне, белгілі бір нәтижелерге қол жеткіздік. Соңғы үш жылда өңір экономикасына 2 триллион теңге инвестиция тартылды. Тек биылдың өзінде – 620 миллиард теңге, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 17 пайызға артық. Жыл соңына дейін 38 ірі жоба іске қосылады, – деді Асайын Байханов.

Инвестициялық белсенділіктің негізгі көрсеткіштері туралы облыс әкімінің орынбасары Айгерім Қабылтаева мәлім етті.

– Биыл 1 триллион теңгеден астам инвестиция тарту жоспарлануда. Оның 90 пайызына жуығы – жеке компаниялардың қаржысы. Капитал салымдарының негізгі бөлігі өңдеу өнеркәсібіне, энергетикаға және көмірхимияға тиесілі. Бұл бағыттар аясында жалпы инвестиция көлемі 2,5 триллион теңгеден асатын 30 жаңа жоба іске асырылуда. Аймақтық инвестициялық пулда жалпы сомасы 7,4 триллион теңге болатын 100-ден астам жоба бар, олар 15 мыңнан астам жұмыс орнын құруды көздейді, – деп атап өтті Айгерім Қабылтаева.

Ірі бастамалар қатарында – Екібастұзда жылына 460 мың тонна өнім шығаратын үш ферроқорытпа зауытының құрылысы бар. Оның екеуі осы жылдың соңына дейін іске қосылады.

Сәуір айында жылына 1 миллион тонна легирленген болат өндіретін жаңа электрметаллургиялық зауыттың іргетасына капсула салынды. Сондай-ақ алтын құрамдас концентраттарды өңдейтін гидрометаллургиялық кешеннің жобасы да үлкен мүмкіндік беріп отыр.

Бұған қоса, 2027 жылы К-5 класты бензиннің жоғары октанды компоненттерін өндіретін зауыт іске қосылады деп жоспарлануда. Оның жобалық қуаты – жылына 97 мың тонна. Өнім халықаралық экологиялық стандарттарға сай болады.

Жоспарға сәйкес, экспортқа бағытталған жаңа өндірістер іске қосылып, толық қуатында жұмыс істей бастағанда, 2030 жылға қарай өңірдің өнеркәсіптік өндіріс көлемі 800 миллиард теңгеден асады. Өңдеу секторының үлесі 70 пайызға жетеді.

Асайн Байханов экономикалық өсуді көздей отырып, экология мәселесін де естен шығармау керектігін атап өтті.

– Мемлекет басшысы тұрақты әрі экологиялық тұрғыдан теңгерімді экономикаға көшу қажеттігін атап өтті. Өндіріс дамыған сайын экологияға түсетін салмақ артады. Сондықтан кәсіпорындар экологиялық жауапкершілікпен қарауы керек. Бұл – жұмыс істеп тұрған өндірістерді жаңғыртуға қатысты. Бүгінде бізде аз да болса жетістіктер бар. Үш жарым жыл бұрын облыс бойынша қатты бөлшектердің шығарындылары 735 мың тоннаны құраса, бүгінде бұл көрсеткіш 30 мың тоннаға қысқарды. Бұл – жаңа нысандардың іске қосылып жатқанына қарамастан, маңызды нәтиже, – деді облыс әкімі.

Инвестициялық бағдарламалар аясында өңірдегі 19 қала құраушы кәсіпорында өндірістік қуаттарды жаңарту және жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.