Бір ауыл – бір бренд: Павлодарда ерекше өнімдерге байқау жарияланды

Бір ауыл – бір бренд: Павлодарда ерекше өнімдерге байқау жарияланды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңір кәсіпкерлері өз ауылынан шыққан өніммен облыстық байқауға қатыса алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Аймақта «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы «Бір ауыл – бір өнім» көрме-байқауына қатысу үшін кәсіпкерлерден өтінім қабылдап жатыр. Бұл бастама өңірлік брендтерді дамытуға, ауыл кәсіпкерлігін қолдауға және жергілікті өнімді кеңінен танытуға бағытталған.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқауға қатысатын өнім бірнеше маңызды талапқа сай болуы тиіс. Атап айтқанда, тауар жергілікті шикізаттан өндіріліп, күрделі емес құралдармен жасалуы қажет. Сонымен қатар, өнім өз өңірінің ерекшелігін бейнелеуі тиіс. Жобаға экологиялық тұрғыдан қауіпсіз, ұзақ сақтауға жарамды, сапалы тауарлар қабылданады.

– Бұл байқау Павлодар облысында бар тауар өндірушілер мен өнімдерді анықтауға мүмкіндік береді. Өз тұтынушыларының сұранысын қанағаттандырып, сапаның жоғары стандарттарына сәйкес келеді. Бұл кәсіпкерлерді қолдау, бизнесті дамыту үшін маңызды әрі біздің өңірде жаңа атаулар мен брендтерді ашуға көмектеседі, – дейді «Атамекен» өңірлік палатасының директоры Ерқанат Әбенов.

Көрме-байқауға қатысу үшін өтінімдер Павлодар қаласындағы Луговая көшесі, 16-үй, 319-кабинетте қабылданады. Қабылдау уақыты – жұмыс күндері сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін (түскі үзіліс – 13:00-14:00). Толық ақпаратты 8 (7182) 66-03-11 (ішкі 5553) нөмірі арқылы білуге болады.