Павлодар облысының шаруалары картоп пен сәбізді 100 теңгеден жеткізеді

Павлодар облысының шаруалары картоп пен сәбізді 100 теңгеден жеткізеді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңірдегі ауыл шаруашылығы өндірушілері қысқы-көктемгі кезеңде көкөніс бағасын тұрақтандыру жөнінде келісімге келді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысының әкімдігі мен 42 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші 2026-2027 жылдардың қысқы-көктемгі кезеңінде картоп пен сәбіз бағасын тұрақтандыру туралы меморандумға қол қойды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, келісім аясында шаруалар 10 мың тонна картоп пен 3 мың тонна сәбізді сақтауға міндеттеме алды. Көкөністер әлеуметтік дүкендерге, «Жайлау» базарына және ауыл шаруашылығы жәрмеңкелеріне келісін 100 теңгеден жеткізіледі. Сауда үстемесі өнімнің өзіндік құнының 10 пайызынан аспауы тиіс.

Өндірушілер қалыптастырылған қордың сақталуын, өнім сапасын және келісілген бағамен жеткізілуін қамтамасыз етеді. Картоп кемінде 5+ талаптарына сәйкес сұрыпталып, сәбіздің сапасы тиісті құжаттармен расталуы қажет.

Биыл өңірде бір миллион тонна картоп пен 150 мың тонна сәбіз өндірілген.

Облыс әкімі Асайын Байханов шаруаларға ынтымақтастығы үшін алғыс айтып, жергілікті өнімнің тұрғындарға қолжетімді болуына баса назар аударды.

– Біздің ортақ міндетіміз – өндіріс көлемін арттырумен ғана шектелмей, сапалы көкөністерді өңір тұрғындары үшін қолжетімді ету. Ол үшін мемлекет пен бизнестің тиімді өзара іс-қимылын жолға қойып, қажетті қорды алдын ала қалыптастырып, келісілген бағамен өнімнің тұрақты жеткізілуін қамтамасыз ету маңызды, – деді өңір басшысы.

Меморандумға қол қойғандардың қатарында Ақтоғай ауданындағы «Агро Терра» ЖШС директоры Ербол Әлібеков пен Павлодар ауданындағы «Агросоюз» шаруа қожалығының басшысы Сергей Тилинин бар.

Ауыл шаруашылығы өндірушілері өнімнің бір бөлігін ішкі нарыққа бағыттауға дайын екенін жеткізді. Олардың айтуынша, субсидиялау мен жеңілдетілген несиелер өндірістік шығындарды азайтуға көмектеседі.

Еске сала кетейік, бұған дейін Павлодар облысында бір миллион тоннадан астам картоп жиналып, өнімнің бір бөлігі егістіктен тікелей келісін 90–100 теңгеден сатылғанын хабарлаған едік.