Павлодар облысына тоғыз жылда 23 мыңнан астам адам қоныс аударған

Павлодар облысына тоғыз жылда 23 мыңнан астам адам қоныс аударған
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Олардың арасында шетелден келген қандастар мен Қазақстанның оңтүстік өңірлерінен көшіп келген азаматтар бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысына 2017 жылдан бері ерікті өңіраралық қоныс аудару бағдарламасы аясында 23 455 адам көшіп келген. Оның ішінде 6 122-сі – қандас, ал 17 333-і – Қазақстанның басқа өңірлерінен қоныс аударған азаматтар.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, 2024 жылы Павлодар облысына 3 505 адамды қабылдау жоспарланған. Нәтижесінде 765 отбасы немесе 3 422 адам өңірге қоныс аударып, жоспар 98 пайызға орындалды.

2025 жылы өңірлік қабылдау квотасы 4 066 адамды құрады. Оның ішінде 1 016 адам қандастарға, 3 050 адам ішкі қоныс аударушыларға арналған. Қандастар бойынша жоспар толық орындалса, ішкі қоныс аударушылар бойынша көрсеткіш 46,4 пайыз болды.

2026 жылы Павлодар облысына 2 632 адамды қабылдау жоспарланған. Оның ішінде 477-сі – қандас, 2 155-і ішкі қоныс аударушы болуы тиіс. Соңғы мәліметтерге сәйкес, өңірлік қабылдау квотасына 384 қандас және 2 155 ішкі қоныс аударушы енгізілген. Ішкі қоныс аударушылардың арасында 443 отбасы бар. Нәтижесінде жалпы 2 539 адам қабылданған.

– Қандастар негізінен Қытай, Моңғолия және Өзбекстаннан келеді. Ал Қазақстан ішінде қоныс аударушылардың басым бөлігі Түркістан, Жамбыл, Алматы, Қызылорда және Жетісу облыстарынан, сондай-ақ Шымкент, Алматы және Астана қалаларынан көшіп келеді, – деді басқарма мамандары.

Еңбек күші артық өңірлерден азаматтарды тарту үшін мемлекет бірқатар қолдау шарасын ұсынады. Бағдарламаға қатысушылар өңірлік қабылдау квотасына енгізілгеннен кейін көшуге, тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге субсидия ала алады.

– Атап айтқанда, отбасының әрбір мүшесіне 70 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде көшуге субсидия беріледі. Бұдан бөлек, тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу шығындары 12 айға дейін өтеледі. Сондай-ақ, тұрғын үй сатып алуға оның құнының 50 пайызына дейін, бірақ 1 625 АЕК-тен аспайтын мөлшерде экономикалық мобильділік сертификатын алуға болады, – деді басқармада. 

Бағдарлама қатысушыларына жұмысқа орналасуға, кәсіптік оқудан өтуге және жеке кәсіпкерлігін дамытуға да жәрдем көрсетіледі. Қоныс аударушылар негізінен ауыл шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау, құрылыс және қызмет көрсету салаларында еңбек ететін көрінеді. 

Павлодар облысында қандастардың жаңа ортаға бейімделуіне қолдау көрсететін арнайы орталық та жұмыс істейді. Ол 2023 жылғы ақпанда ашылған. Орталық мамандары қандастарға құқықтық, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетеді. Сонымен қатар, құжаттарын рәсімдеуге, балаларын білім беру ұйымдарына орналастыруға, қазақ және орыс тілдерін меңгеруге, қоғамға бейімделуге жәрдемдеседі. Орталық ашылғаннан бері 2 381 қандасқа көмек көрсетілген.

Қандастар мен ішкі қоныс аударушыларды қабылдау тәртібін жетілдіру үшін мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларына да өзгерістер енгізілген. Қазір азаматтар өтініштерін migration.enbek.kz порталы, электрондық үкімет веб-порталы және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы бере алады.

Сонымен қатар, 2026 жылғы 30 қаңтардан бастап қандас мәртебесін беру және ұзарту бойынша мемлекеттік қызметтерді көрсетуге арналған пилоттық жоба іске асырылып жатыр. Ол өтініштерді рәсімдеуді жеңілдетіп, қызмет көрсету мерзімдерін қысқартуға бағытталған.

Жалпы, ерікті өңіраралық қоныс аудару бағдарламасы Павлодар облысына қажетті еңбек ресурстарын тартуға, ауылдық елді мекендерді дамытуға және өңірдің демографиялық ахуалын жақсартуға бағытталған.