Алтай өлкесінен қоныс аударған қандас: Павлодар ұлы тұлғаларымен ұнады

Алтай өлкесінен қоныс аударған қандас: Павлодар ұлы тұлғаларымен ұнады
Фото: Медет Канленов ұсынды

Медет Канленов тарихи отанына 2018 жылы оралған, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар қаласының мансап орталығы филиалының мәліметінше, сол жылы Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне «Бейнелеу өнері және сызу» мамандығы бойынша оқуға түскен. Саяхаттағанды жақсы көретін жігіт студенттік шағында қысқы демалыс уақытында Қазақстанның барлық облысын аралап шыққан. Дегенмен оған Тараз және Павлодар қаласы көбірек ұнап, жағымды әсер қалдырған.

– Былтыр оқуды аяқтаған бойда Павлодар қаласына ат басын тіредім. Өз мамандығы бойынша №1 балалар көркемсурет мектебіне мұғалім болып жұмысқа орналастым. Оқуды аяқтағаннан соң отбасымды қазақ еліне көшіру ең басты арманым еді, – деп еске алады Медет Канленов.

Ол қандастарды қабылдайтын облыстардың тізімінде Павлодар бар екенін көріп, ойланбастан осы Ертіс өңіріне қоныс аударуға бел байлайды. Осылайша  2023 жылдың ақпанында «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» Ұлттық жобасы аясында Ресей Федерациясының Алтай өлкесінен  Павлодар қаласына анасы мен әпкесін көшіріп әкелген.  Ал маусым айында экономикалық ұтқырлық сертификаты арқылы баспаналы болады.

– Павлодар облысы – тарихи тұлғалардың туған жері. Қазақстанға еңбегі сіңген көптеген ұлы адамдар осы өңірден түлеп ұшқан. Ірі қоғам және мемлекет қайраткері Қаныш Имантайұлы, Жүсіпбек Аймауытов аса дарынды адам болған. Бүгінде көркем сурет мектебінен басқа, графикалық суретші және безендіруші ретіңде Жүсіпбек Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыкалы-драма театрында қосымша жұмыс істеймін, – деді  Медет Канленов.

Еске сала кетейік, облыста жұмыс күші артық өңірлерден қоныс аударушылар, қандастар мен олардың отбасы мүшелері үшін бейімдеу және интеграциялау қызметтерін көрсету бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Жоба шеңберінде республиканың солтүстік өңірлерінде бейімделуі мен интеграциялануына және жаңа тұрғылықты жерде қалуға ықпал ететін ақпараттық, құқықтық, әлеуметтік, медициналық және білім беру қызметтері іске асырылады.