Павлодар облысында мыңнан аса адам қос азаматтықпен жүрген

Қазақстан заңнамасына сәйкес азаматтарға қос азаматтық алуға тыйым салынады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Басқа мемлекеттің азаматтығы қабылданған жағдайда адамға 30 күн ішінде көші-қон қызметі органдарын хабардар ету және Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылуын тіркеу қажет. Алайда, біздің еліміздің азаматтары шет мемлекеттің азаматтығын алып, Қазақстан азаматтығын жоғалтуды тиісінше ресімдемейтін және сол арқылы заңсыз қос азаматтығы бар жағдайлар жиі кездеседі.
– Ағымдағы жылы Павлодар облысының аумағында қос азаматтықтың 1047 фактісі анықталды. Басқа мемлекеттің азаматтығын алу фактісі туралы уақтылы хабарламағаны үшін не Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылған ҚР құжаттарын пайдаланғаны үшін 28 адам жауапты болды. Сондай-ақ Германия, АҚШ, Түркия, Польша, Испания, Чехия елдерден азаматтығын жоғалтуды тіркеу фактілері бар, – деді облыстық полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының бастығы Қанат Сартов.
Екінші азаматтықты алудың негізгі мотиві – бұл еркін жүруді қалау ғана емес, сонымен қатар белгілі бір материалдық пайда алу. Оған зейнетақы есебі, екінші баланың тууына төленетін жәрдемақы жатады.