Павлодар облысының тұрғындары масасыз өмірге үйренуде
Кешенді бақылау және өңделетін алқаптардың ұлғаюы қансорғыштардың санын барынша азайтуға мүмкіндік берді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Биыл павлодарлықтар дүкен сөрелерінен ванилин, дәріханалардан шыбын-шіркей мен масаға қарсы дәрі алмаған. Бұған дейін жағдай басқаша болған. Тіпті, 2016 жылы қансорғыштардың қаптап кетуіне байланысты төтенше жағдай енгізгілмек болды. Екі қала мен ауылдардың тұрғындары шыбын-шіркейлердің қаптап кетуіне шағымданды, зиянкестер құстар мен жануарларға маза бермеді. Әлеуметтік желілерде «масалармен күресте масалар жеңді» деген пікірлермен түрлі фотолар мен бейнелер жарияланды.
Ағымдағы жылы кешенді тәсілдің нәтижесінде қансорғыштардың саны азайып, облыс тұрғындарының арыз-шағымдары да сиреді. Бірақ мәселені шешу оңай болмады. Әуеден өңдеу және қолданылатын тәсілді өзгерту тиімділікке қол жеткізуге мүмкіндік берді.
Облыс әкімдігінде 2024 жылғы қансорғыштармен күрес жұмыстарының қорытындысы талқыланып, 2025 жылға арналған жоспарлар белгіленді. Биыл облыста үш бағытта дезинсекциялық жұмыстар жүргізілді: авиациялық, суда және тосқауылдық. Сонымен қатар, қансорғыштардың даму кезеңдерін фенологиялық бақылаулар сәуір айында жүргізіле бастады, ал алғашқы жаяу өңдеулер 23 сәуірде жүргізілді.
Әуеден өңдеу 27 сәуірде басталды. Сегіз ұшақ 127 мың гектар аумақты қамту үшін 327 ұшуды орындады. Авиациямен қамту мүмкін емес 3,3 мың гектарды құрайтын аумақтар рюкзактарға арналған бүріккіштермен өңделді.
Мамандардың бағалауынша, Павлодар мен Ақсу қалаларының жайылмаларында әуеден өңдеу жұмыстарының тиімділігі 91 пайызды, облыстың солтүстік өңірлерінде 83 пайызды құраған, бұл өңірдегі су шаруашылығы жағдайына байланысты болды. Жұмысты ірі көлемде су жіберу қиындатты, көлемі ағымдағы жылы жоспардағы 6,2-нің орнына 6,7 текше метрге жетті. Алқаптардың 80 пайыздан астамы су астында қалды. Жауын-шашынның мол түсуі және Ертістің жоғарғы ағысындағы өзендердің бүйірлік ағындары да су жіберудің аяқталуына кері әсерін тигізді. Мысалы, Шүлбі су қоймасынан келетін су ағыны табиғатты қорғау мақсатында су жіберу аяқталғаннан кейін де үнемі секундына 1800-ден 1250 текше метр деңгейінде қалды.
Мұның бәрі қансорғыштардың дамуына елеулі түзетулер енгізді. Өңірде алғаш рет жайылманың өзінен дернәсілдердің дамуы мен шығуы байқалды және дернәсілдердің негізгі шығуы облыстың оңтүстігінде емес, төменгі ағысында, жеке арналарда байқалды. Ең көп шағым Ертіс және Железин аудандарының тұрғындарынан түскен.
– Біз барлығымыз биылғы жылы қансорғыштарға қатысты жағдайдың бұрынғыға қарағанда әлдеқайда күрделі болғанын көрдік. Осыған қарамастан жұмыс нәтижелі жүргізілді. Уақытында жүргізілген шаралардың және Ертіс жайылма алқабында 11,5 мың га аумақта қосымша 30 ұшу жүзеге асырудың нәтижесінде 2016 жылғы маусымның қайталануына жол бермедік. Сол кезде тіпті, төтенше жағдай режимін енгізу жоспарланған, – деді облыс әкімі Асайын Байханов.
Өзендерді өңдеудің орташа тиімділігі маусымның соңында 86,1 пайызға жетті. 29 мамырдан 27 маусымға дейін қансорғыштардың дернәсіліне қарсы өзенді өңдеудің үш кезеңі жүргізілді. Өзенге 305 мың литр биологиялық өнім ағызылды, соның нәтижесінде 1 шаршы дециметрге дернәсілдердің саны 1700-ден 80-ге дейін азайды.
Мамыр айының ортасынан дерлік Ертістің оң және сол жағалауында, теміржол көпірінен Усолка ықшам ауданына дейінгі аралықта күнделікті тосқауылды өңдеу жұмыстары жүргізілді. Мұндай шаралар бір мезгілде облыс аудандарында да басталды. 20 шілдеге дейін 50 мыңнан астам тұрғыны бар жағалаудағы 59 ауыл өңдеумен қамтылды.
Бүгінгі күні облыстың Павлодар, Ақсу және ауылдық елді мекендерінде жоспарланған барлық дезинсекциялық іс-шаралар толық көлемде орындалды. Екібастұзда өңдеу жалғасуда.
– Екібастұзда әлі күнге дейін қансорғыштарға қарсы жұмыс аяқталмаған. Маған үнемі 15, 19, 20, 22 ықшам аудандардың, Солнечный, Шідерті ауылдарының тұрғындарынан арыз-шағымдар түсіп тұрады. Бұл қалалық мердігердің жұмысының тиімсіздігін көрсетеді. Қала басшылығы менің орынбасарыммен және облыстық басқармамен бірлесіп, Екібастұзда жұмыс істеу тәсілдерін қайта қарап, қажетті көлемді есептеп, тиімді алгоритмін әзірлеу қажет, – деп тапсырды Асайын Байханов.
Мамандар 2024 жылғы қансорғыштармен күрестің нәтижелерін қорытындылай келе және келесі жылы жоғары су деңгейінің қайталануының болжамды тәуекелдерін бағалай отырып, әуеден өңдеу алаңын 172 мың гектарға дейін ұлғайтуды ұсынды. Жұмыс жоспарында Ақсу ауылдық аймағының солтүстік бөлігінің бұрын өңделмеген 15 мың гектар алқабын және Ертіс өңірінің жайылмасының қосымша 30 мың гектарын қосу жоспарлануда.