Павлодар облысындағы үлгілі ауылдардың басты құндылығы неде?
Бұл сұрақтың жауабын Шарбақты ауданына қарасты Орловка ауылының тұрғындары жақсы біледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өткен жылы Орловка «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында өткен «Үлгілі ауыл» байқауында жеңімпаз атанды.
Шарбақты ауданының әкімі Сержан Иманқұловтың айтуынша, үлгілі ауылдың ең басты құндылығы – оның тұрғындары. Олар – заңға бағынатын, экологиялық мәдениеті жоғары әрі еңбекқор жандар.
Аудан басшысының сөзінше, Орловкада еңбекке жарамды тұрғындардың барлығы жұмыспен қамтылған. Ауыл халқы өз азаматтық ұстанымын ашық білдіріп, туған елді мекенінің дамуына белсенді түрде атсалысып келеді. Бұл ауылда қылмыс тіркелмеген, яғни қауіпсіз орта қалыптасқан. Мұнда шаруашылықтың үшінші буыны өсіп-өніп, жыл сайын әлеуметтік сала мен ауылдың дамуына елеулі үлес қосып келеді.
Меценаттар ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартуға қаржы бөліп келеді. Өткен жылы балаларға арналған ойын алаңы салынып, мәдениет үйін жөндеуге қолдау көрсетілді. Сонымен қатар, мәдениет ошағын жаңғыртуға бюджеттен 35 миллион теңге бөлінген. Осылайша бизнес пен мемлекет бірігіп, ауыл тұрғындары үшін қолайлы жағдай жасауда.
– Былтыр бюджет қаражаты есебінен Орловка ауылындағы үш көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл басқа елді мекендер назардан тыс қалды дегенді білдірмейді. Құқықбұзушылық мүлде тіркелмеген тағы да үлгілі ауылдар бар. Олар – Есілбай мен Арбиген, – деді аудан әкімі.
Қазіргі таңда Орловка ауылында 1100-ден астам адам тұрады. Мұнда ұрпақтар сабақтастығы сақталып, дәстүрге құрметпен қарай отырып, болашаққа нық қадам жасалуда. Айта кетейік, 2021 жылы Орловка Қазақстандағы үздік 30 ауылдың қатарына енген болатын.
Еске сала кетейік, «Үлгілі ауыл» байқауына 20 елді мекен қатысып, оның 11-і финалға шықты. Жеңімпаздар тұрақты дамудың барлық саласын қамтитын 20 негізгі индикатор бойынша анықталды.
Бағалау барысында экологиялық көрсеткіштермен қатар әлеуметтік-экономикалық жағдай да ескерілді. Финалист ауылдарда жұмыссыздық жоқ, отбасы институты берік, әлеуметтік инфрақұрылым дамыған, сапалы білім беруге жағдай жасалған. Сондай-ақ «жасыл» технологияларды енгізу, жергілікті биліктің кәсіпкерлер және тұрғындармен өзара іс-қимылы, ауылды дамытуға бағытталған инвестициялар назарға алынды. Көрсеткіштердің бірі ретінде аумақтың тазалығы да бағаланды.
Байқау жүлдегерлері кубоктармен және әрқайсысы 500 мың теңгелік ақшалай сертификаттармен марапатталып, бұл қаражат ауылдарды дамытуға бағытталмақ. Бұдан бөлек, облыс әкімдігі арнайы жүлде ретінде қызметтік автокөліктер табыстады.