Павлодар ауданында қараусыз жайылған 500-ге жуық жылқы алқаптарды таптады
Жылқылар айып тұрағына қамалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Павлодар ауданы жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері қыстауды тексеру барысында бес жүзге жуық жылқы табылды. Іс-шараның мақсаты – Григорьевка ауылдық округінің аумағында жол-көлік оқиғаларын және мал ұрлығын болдырмау.
– Қараусыз жайылған жылқылар мал шаруа қожалықтарының біріне тиесілі шөпті жеп, маяларды таптады. Малды қараусыз қалдырған бақташы анықталды, – деді Павлодар ауданы жергілікті полиция қызметінің бастығы Қайрат Сатыбаев.
Тәртіп сақшылары ер адамға қатысты ӘҚБтК-нің 147-бабының 2-бөлігі – егістіктерді, маяларды таптау, ауыл шаруашылығы дақылдарының алқапта жиналған астығын бүлдіру немесе жою, екпелерді зақымдау бойынша әкімшілік хаттама толтырды. Материал процессуалдық шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді.