Павлодарда алдағы сайлауда «BAQYLA» ұйымынан жүзден астам тәуелсіз бақылаушы қатысады
Қоғамдық ұйым қаладағы барлық ашық сайлау учаскелерін қамтымақ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
«BAQYLA» ұйымы республика бойынша 3 мыңнан астам тәуелсіз бақылаушы қатыстырмақ. Соның ішінде 120-дан астам бақылаушы Павлодар қаласында болады.
- Біз өткен Президент сайлауында Екібастұз бен Павлодар қаласында жұмыс жасаған болатынбыз. Енді алдағы сайлауға да дайындық үстіндеміз. Негізгі мақсат сайлаудың әділ өтуіне, ешкімге жақтаспай, тек барлық үрдіс таза жүруіне атсалысу. Оған қоса, бізде студенттер көп. Олардың саяси белсенділігін арттырып, осындай қоғамдық саяси жұмыстарға тарту, - деді «BAQYLA» ұйымының Павлодар облысы бойынша үйлестірушісі Ерасыл Қапез.
Ерасыл Қапез бақылаушының міндеті – сайлау учаскесі ашылмай тұрып, өз орнын тауып отыру, содан бастап дауыс беру жәшігінің жабықтығын, оған мөр басылғандығын бәрін қадағалау екенін атап өтті.
Одан әрі бақылаушы әр дауыс берушінің тек өз бюллетенін алғанын, басқа да заң бұзушылықтардың болмауын қадағалайды.
- Бақылаушы отыратын орын дауыс берушілер жәшікке баратын жер мен комиссиядан қағаз алатын жер бәрі көрініп тұратын орын болу керек. Егер заң бұзушылық анықталса, бақылаушының сол сайлау учаскесінің даусын жоюға мүмкіндігі бар, - деді Ерасыл Қапез.
Сайлауға түсушілер 1 ай бұрын үгіт-насихатпен дайындыққа кіріссе, қоғамдық бірлестік те сайлаудан бір ай бұрын дайындыққа кіріседі. Осы уақыт аралығында өз құрамындағы бақылаушыларды оқытпақ.
Фото: «BAQYLA» қоғамдық ұйымы