Павлодар облысында іздеуде жүрген қылмыскерлердің орналасқан жері анықталды

Павлодар облысында іздеуде жүрген  қылмыскерлердің орналасқан жері анықталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Бұл «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында іске асты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, іс-шара аясында көлік құралын мас күйде басқарудың 9 дерегі тіркелді. Қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктерді ішуге қатысты 94 факті, ұсақ бұзақылықтың 14 жағдайы және көші-қон заңнамасын бұзудың 125 дерегі анықталды.

Мәселен, патрульдеу кезінде Малайсары батыр көшесінде «Mercedes» маркалы автокөліктің мас күйдегі жүргізушісі тоқтатылды. Ал Олжабай батыр мен Торайғыров көшелерінің қиылысында есірткілік масаң күйде көлік басқарған жүргізуші анықталды.

Медициналық куәландыру екі жүргізушінің де мас күйде болғанын растады. Құжаттар процессуалдық шешім қабылдау үшін сотқа жолданды.

– Сондай-ақ Камзин көшесі, 324 мекенжайында «JA J7» маркалы автокөлігі тоқтатылды. Тексеру барысында жүргізушінің бұған дейін мас күйде көлік басқарғаны үшін жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды. Сот шешімімен оған жеті жыл мерзімге көлік құралын басқаруға тыйым салынған. Алайда қолданыстағы шектеуге қарамастан, ер адам қайтадан рөлге отырып, өзінің және жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен қауіпсіздігіне қауіп төндірген, – деді департаменттің әкімшілік полиция басқармасының бастығы Бәкібай Ахмедьянов.

Еске салайық, қоғамдық тәртіпті сақтау, көшелер мен басқа да қоғамдық орындарда жасалатын құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу және жолын кесуге бағытталған «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы 2026 жылғы 23 қазанға дейін жалғасады.

Өңір полициясы тұрғындарды қырағы болуға шақырады. Қандай да бір құқыққа қайшы әрекеттің куәсі болған жағдайда, 102 жедел арнасына дереу хабарлау қажет.