Павлодарда ерекше қажеттілігі бар оқушыларға қандай жағдайлар жасалған?

Павлодарда ерекше қажеттілігі бар оқушыларға қандай жағдайлар жасалған?
Фото: автор

Облыс орталығының 11 мектебінде инклюзияны қолдау кабинеттері бар. @Pavlodarnews.kz тілшісі ерекше білім беруді қажет ететін балалар қоғамда қиындықсыз бейімделуі үшін мектептерде қандай жағдай жасалғанын білді. 

2022 жылы Мұзафар Әлімбаев атындағы мектепте инклюзивті кабинет ашылған болатын. Педагог-психолог Айдана Диханова және тағы бір маман білім ордасының бірінші қабатында орналасқан кабинетте ерекше қажеттілігі бар 34 оқушымен күнделікті жұмыс жасайды. Кабинеттің қабырғалары ашық түстермен боялады. Бала кабинетке кіргенде қолайлы атмосфераны қалыптастыру үшін  жүйкені қоздырмайтын, адамды тыныштандыратын ән қосылады.

– Кесте бойынша әр балаға екі сағаттай көңіл бөлеміз, – деді Айдана Диханова. – Оқушының тіл жағынан қиындығы болса, логопедке жүгінеді. Ал осы кабинетке психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссияның қорытындысын алған ерекше білімді қажет ететін 1-11-сынып оқушылары келе алады.


Кабинет төрт аймаққа бөлінген – екі оқыту, релаксация мен физикалық жүктеме алаңы. Қолдың ұсақ-моторикасын, ой-қабілетті дамытатын жабдықтар арқылы балалар оқыту форматының арнайы үдерісіне енеді. Ал айна мониторы арқылы ерекше білімді қажет ететін бала педагогпен бірге іс-қимылды қайталап, жаңа эмоция мен дағдыларды үйрене алады. 

Кабинеттегі  бүкіл құрал-жабдық мемлекеттік тапсырыс арқылы 7-8 миллион теңгеге сатып алынды. Мектепте инклюзивті білім беруді қадағалайтын және директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Эльмира Оспанованың сөзінше, баланың диагнозы қарай әр сабақта көмекші мұғалім еріп жүреді. 

– Егер оқушы шаршап қалса, ол сыныптың бұрышта орналасқан партаға ауысып, басқа балаларға кедергі жасамай емін-еркін демала алады, – деді Эльмира Оспанова. – Олар қарапайым балалармен бірге қоғамның бірі бөлігі ретінде білім алып отырады. Ол үшін асханада, сыртқы киім ілетін жерде, дәретханада, мектептің кіреберісінде бүкіл жағдайлар жасалған. Біз «Самал» орталығымен де тығыз байланыстамыз. Мектебімізде қуыршақ және ертегі театры бар. Бұл терапия ретінде енгізілген. Балалар қуана қатысады, – деді Эльмира Оспанова.

Айта кетейік, Павлодарда 11 мектепте инклюзияны қолдау кабинеттері бар.