Жаппай улану: Екібастұзда мейрамхана қызметкерлері жұмыстан шеттетілді
Полиция сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы эпидемиологиялық әдісті қолдана отырып, мейрамхана дастарханындағы тағамдарда сальмонеллалар мен патогенді стафилококк бактерияларын анықтады. Талдау үшін өнімдер сарқыттан алынды.
– Жаппай улану фактісі бойынша департамент жоспардан тыс тексеру жүргізіп, көптеген заң бұзушылықтарды анықтады. Оның ішінде жұмыс істеуге рұқсаты бар жеке құрамның медициналық кітапшалары болмаған. Сонымен қатар, дәмханада дезинфекциялық режим сақталмаған, өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттары болмаған, - деп хабарлайды бөлімінде.
Сондай-ақ таңдалған өнімдер стандарттау құжаттарына сәйкес келмеді. Қызметкерлердің арасында тоғызы – патогенді стафилококкты, ал төртеуі – сальмонеллезді тасымалдаушылар.Барлық қызметкерлер жұмыстан шеттетілді.
Екібастұз полиция басқармасы сотқа дейінгі тергеуді бастады. Аталған жайт ҚР Қылмыстық кодексінің 304-бабының бірінші бөлігі – «санитарлық ережелерді немесе гигиеналық нормаларды бұзу» бойынша тіркелді.
Еске сала кетейік, сәуірдің 13-і күні Екібастұз мейрамханаларының бірінде мерекелік іс-шарадан кейін қонақтардың біразы ауруханаға түсті.
Дәл осы күні 32 адам медициналық көмекке жүгінген. Одан кейін зардап шеккендердің саны 94-ке жетті, оның ішінде тоғызы – 14 жасқа дейінгі балалар. Науқастардың 59-ы сальмонеллезбен ауырса, қалғандарында жедел ішек инфекциясы және ас қорыту жүйесінің функционалдық бұзылыстары анықталды.