Павлодар облысында құтқарушылар электр көлігін сөндіру тәсілін көрсетті
Арнайы қосымша оқиға орнында уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласы төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы, азаматтық қорғау капитаны Даурен Камзиннің айтуынша, 101 желісіне хабарлама түскен бойда диспетчерлер көліктің маркасын, моделін, шығарылған жылын және басқа да қажетті мәліметтерді нақтылайды. Осы ақпарат негізінде өрт сөндірушілер Қазақстанда қолданылатын Euro Rescue қосымшасын пайдаланады.
– Бізге қандай да бір көлік туралы хабар келіп түссе, оны арнайы бағдарлама арқылы іздеп қараймыз. Онда қуат жинақтағыш батареяның, басқару блоктарының және жоғары кернеулі электр сымдарының нақты орналасуы көрсетіледі. Қызғылт сары немесе сары түспен белгіленген сымдарды кесу арқылы көліктің алдыңғы бөлігін токтан ажыратып, содан кейін ғана өртті сөндіруге кірісеміз, – деді Даурен Камзин.
Азаматтық қорғау капитанның айтуынша, бұл бағдарлама әр көлік моделінің құрылымын көрнекі түрде көрсетеді. Соның арқасында құтқарушылар қуат көзінің, басқару модульдерінің және жоғары кернеулі сымдардың орналасуын жылдам анықтап, қауіпсіз әрекет етеді.
Электр көліктеріндегі өрттің негізгі себебі – электр қуатын жинақтаушы блоктың жануы. Қызып кеткен қуат көзі ұзақ уақыт бойы жануын жалғастырады. Кейде жалын сыртынан байқалмағанымен, оның ішкі бөліктерінде жану процессі тоқтамайды. Сондықтан мұндай жағдайларда өртті сөндіру үшін үздіксіз әрі көп мөлшерде су беру қажет.
Қауіпсіздік талаптарына сәйкес, электр көлігі жанған кезде адамдар 40 метрден жақын жақындамауы тиіс. Егер көлік ғимарат ішінде болса, оны сүйреп шығару немесе басқа қауіпсіз тәсілмен ашық алаңға шығару қажет. Оның маңында басқа көліктер мен жанғыш материалдар болмауы керек. Осыдан кейін ғана сөндіру жұмыстары басталады.