Екібастұзда бірқатар көшелерде қозғалыс шектеледі

Екібастұзда бірқатар көшелерде қозғалыс шектеледі
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Шаһарда жылу магистралін қайта жаңарту жұмыстары басталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Қалалық ТҮКШ бөлімі Абай көшесінде көлік қозғалысы уақытша шектелетінін хабарлады. 

– 4 қыркүйектен бастап Торайғыров көшесінен Сәтпаев көшесіне дейінгі аралықта көлік қозғалысы толық жабылды. Осыған байланысты №2 және №22 автобус маршруттары уақытша Торайғыров-Беркімбаев көшесі арқылы жүреді, – деді бөлімде. 

Асфальтбетон жабынын қалпына келтіруге байланысты Абай көшесі мен Мәшһүр Жүсіп көшесінің қиылысындағы қозғалыс та шектелген. Ал Мәшһүр Жүсіп көшесі бойынша көлік қозғалысы қалыпты режимде жүзеге асырылады. 

Сонымен қатар, жөндеу жұмыстары аяқталғанға дейін автобус бағыттарына да өзгерістер енгізілді: №7 маршрут: Абай көшесі – Б. Момышұлы – Бұхар Жырау бағыты бойынша жүреді. Қайтар жолда – Мәшһүр Жүсіп – Бұхар Жырау – Б. Момышұлы – Абай көшесі арқылы қозғалады. №2 маршрут: Б. Момышұлы көшесімен жүріп, Бұхар Жырау – Мәшһүр Жүсіп көшесіне шығады, ары қарай бұрынғы сызба бойынша жалғасады.

Қалалық ТҮКШ бөлімі тұрғындардан уақытша қолайсыздықтарға түсіністікпен қарауды сұрайды.