Павлодарлық оқушыларға қылмыс жасағаны үшін қалай жазаланатыны айтылды
Мұндай кездесу жыл сайын тұрақты түрде өтеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл жолы кездесу Аманжол Шамкенов атындағы мектепте өтті. Онда ұйымдастырушылар полиция бөлімінің бастығы Ермек Әлжанов, білім басқармасы басшысының орынбасары Жанат Асайынова және мектеп директоры болды.
Шараның мақсаты- оқушыларға қылмыс жасаудың салдары қандай болатынын айтып, түзу жолда жүруге кеңес берді. Сондай-ақ олар темекі шегу және электронды темекі тақырыбын да қозғады. Жалпы, бала мәселесіне олардың ата-аналары жауапты екенін ерекше атап өтті.
Мектеп оқушыларымен полиция қызметкері тергеп-тексерген нақты істері бойынша ашық сұхбат жүргізді.
– Біз үшін ең маңызды міндет – жасөспірімдер арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Сондықтан профилактикалық жұмыстар жүргіземіз. Жасөспірімдердің қылмысы мен бақылаусыз жүруі полиция басшылығының тұрақты қадағалауында, – деп қосты Ермек Әлжанов.
Тәртіп сақшылары мектеп оқушыларымен оқу жылы бойы кездесуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ жасөспірімдерге қатарластары мен кіші оқушыларды қорлағаны үшін де жаза қолданылатынын ескертті.
Бұған дейін білім беру қызметкерлерінің тамыз конференциясында буллинг тақырыбы талқыланған болатын. Білім министрлігінің мәліметінше, павлодарлық жасөспірімдердің жартысынан көбі мектепте қорлауға ұшыраған. Сондықтан облыста буллингтің алдын алу бойынша арнайы бағдарлама әзірленіп, ата-аналар альянсы құрылмақ.
Әсия Серікова