Павлодар облысында қатты дауылдан 120-ға жуық елді мекенде жарық сөнді
Олардың жартысында электр жарығы қалпына келтірілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, 11 қаңтарға қараған түні қолайсыз ауа райына байланысты өңірдің 117 ауылдық елді мекенінде электр қуатының өшірілуі тіркелді. Дауылдың екпіні 37 м/с құрады.
– Сағат 11.00-дегі жағдай бойынша электр қуаты 69 ауылдық елді мекенде қалпына келтірілді. Облыстың сегіз ауданында – Аққулы, Ақтоғай, Баянауыл, Ертіс, Павлодар, Тереңкөл, Успен, Шарбақты, сондай-ақ, Ақсу және Екібастұз қалаларының ауылдық аймақтарында 48 ауылдық елді мекенде 4040 абонент электр қуатынсыз қалып отыр, – деді баспасөз қызметінде.
Авариялық өшірулерді жоюмен 56 жөндеу бригадасы айналысуда. Жұмыстарға барлығы 168 адам және 56 техника жұмылдырылған.
Сондай-ақ, ауа райының қолайсыздығы салдарынан бес ауылда шатырдың жартылай бұзылуы тіркелді. Оның ішінде Ақсу қаласында №7 ЖОББМ, Аққулы ауданында Қазы ауылының мәдениет үйі, Май ауданында Ақжар ауылының мектебі, Саты ауылы ЖОББМ күнқағары, Ақшиман ауылының ЖОББМ.
Қазіргі уақытта келтірілген залал көлемі есептелуде, содан кейін мердігерлік ұйымдар анықталып, объектілер қалпына келтірілетін болады.