Павлодарлықтарға ыстық күлді қоқысқа тастаудың салдарлары ескертілді

Павлодарлықтарға ыстық күлді қоқысқа тастаудың салдарлары ескертілді
Фото: pexels.com / Diego Sanchez

Өңір қалаларында өткен жылы 1200-ден астам өрт оқиғасы тіркеліп, оның ішінде қоқыстардың жану жағдайлары жиі кездескен, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 2024 жылы Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларында 1261 өрт оқиғасы орын алған. Оның ішінде қалалық қоқыс контейнерлеріндегі өрттер 75 рет, қоқыстардың жертөлелерде, құдықтарда және қоқыс өткізгіштерде тұтануы 46 рет тіркелген. Ал ашық алаңдар мен қоқыс алаңдарындағы өрттер 191 рет болған.

«Спецмашин» ЖШС мамандарының айтуынша, осындай жағдайлардың алдын алу үшін тұрғындарға қоқыс контейнерлеріне ыстық күл тастаудан аулақ болу керектігі ескертілуде. Ыстық күл қалдықтарынан контейнерлерде өрт шығу қаупі жоғары, ол техникаға да зиян келтіріп, санитарлық ахуалдың нашарлауына әкелуі мүмкін.

Сонымен қатар, қала тұрғындарына күлді жақсылап өшіріп, бірнеше сағатқа дейін суығанша қалдырып, тек содан кейін қоқыс жәшіктеріне тастау қажеттігі туралы ескерту жасалуда. Бұл қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, өрт қаупін азайтуға көмектеседі.