Павлодар облысында қоғамдық орындарда темекі шеккен 300-ге жуық адам жазаланды
Заңбұзушылықтардың көбі қоғамдық орындар мен тұрғын үйлердің кіреберістерінде тіркелген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері темекі шегуге тыйым салынған орындарда темекі өнімдерін тұтынғаны үшін 287-ге жуық тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Осындай жағдайлардың бірі Малайсары батыр көшесіндегі тұрғын үйде болған. Тұрғындар полицияға көршісінің үй кіреберісінде жүйелі түрде темекі шегетініне шағымданған. Ол көршілерінің ескертулеріне құлақ аспаған.
Тағы бір жағдайда әйел қаладағы саябақтардың бірінде темекі шегіп, тұқылын тротуарға тастап кеткен. Мұны байқаған тұрғындар полицияға хабарлаған.
– Кейбір азаматтар жанында қоқыс жәшігі тұрса да, темекі тұқылын тура аяқ астына тастап, көшелер мен қоғамдық орындарды ластайды, – деп атап өтті полиция департаментінде.
Белгіленбеген орындарда темекі өнімдерін тұтынған азаматтарға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылып, айыппұл салынды.
Полиция тұрғындарды қоғамдық тәртіп пен заң талаптарын сақтауға, ал құқық бұзушылықтарды байқаған жағдайда полицияға хабарлауға шақырды.