Павлодар облысында мал қорымдары жетіспейді
Биыл екі жаңа мал қорымы салынады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық ветеринария басқармасы басшысының м.а. Асылтас Тілеубаев аймақта мал қорымдары бүгінгі таңда өте күрделі мәселелердің бірі екенін атап өтті.
– Қазіргі таңда өңірде 103 мал қорымын салу қажеттілігі бар. Мал қорымына альтернатива ретінде инсинератор, яғни мал өлексесін жағатын пешті алып көрген болатынбыз. Ол техника болғаннан кейін оны күтуі бар, жаңар-жағармайы бар. Бір мал өліксесіне 85-100 литрдей бензин кетеді. Мысалы, мал қорымын бір салғаннан кейін 50 жыл қолдансақ, инсинераторға жыл сайын қаражат бөліп отыру керек. Сондықтан мал қорымын салу, инсинераторға қарағанда тиімді болып отыр, – деді Асылтас Тілеубаев.
Бірақ оның айтуынша, экологиялық тұрғыдан мал өлекселерін шұңқырларға көмгеннен гөрі, пештерде жаққан дұрыс.
Мал қорымдары екі түрге бөлінеді. 2015 жылдан бастап мал қорымдарының құрылысы нақты ережелер бойынша салынды. Осы стандарттарға сәйкес салынған қорымдар типтік деп аталады. Облыста ондай 33 қорым бар. Ол жер асты суларымен жанаспайтындай салынады. Екіншісі – бұрыннан келе жатқан бетон шұңқырлар. Өңірде мұндай 206 шұңқыр бар.
– Павлодар облысында жүз пайыз типтік қорымдармен қамтамасыз етілген Екібастұз өңірі ғана. Ертіс ауданында типтік мал қорымдарына қажеттілік өте көп. Биыл ауданның Панфилов ауылында және Баянауыл ауданының Жаңатілек ауылына мал қорымын салу жоспарымызда бар, – деді спикер.
Айта кетерлігі, елді мекеннің соңғы үйінен мал қорымының арақашықтығы мың метр қашықтықта болу керек.
Бұдан бөлек, бүгінгі таңда облыста 62 мал сою алаңы бар.