Павлодарлықтарды жаңа кітаптар топтамасымен танысуға шақырады
С.Торайғыров атындағы Павлодар облыстық кітапханасының абонемент бөліміне жаңа кітаптар түсті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Оның ішінде қазақ поэзиясында өзіне тән қолтаңбасы бар жерлес қаламгер Арман Қанидың «Таңдамалы» жыр жинағы, танымал ақын Қуаныш Шармановтың өлеңдері, әңгімелері, пьесалық шығармалары, күнделік жазбаларынан тұратын «4 өрім» атты кітабы және Павлодар студенттерінің «Ертіс толқыны» жыр жинағы бар.
– Келіп түскен керемет кітаптар жастардың кітапқа деген қызығушылығын арттыра түседі деген ойдамыз. «Сөз маржан» сериясымен жастарға рухани азық беретін баға жетпес бірнеше құнды кітап ұсынылады. Атап айтатын болсақ, белгілі жазушы Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» шығармасы жаңа форматта басылып шыққанын қуана айта аламыз. Бұл туныдының адам өміріндегі рөлі ерекше. Оны оқыған әрбір оқырман бойына жақсы қасиеттерді дарыта алады, – дейді кітапханада.
Сондай-ақ баршаға таныс Әбіш Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры» романы, ана тақырыбында тебірене жазатын Ғабит Мүсіреповтің ең озық шығармасының бірі - «Ана туралы новеллалар», драматург жазушы Рахымжан Отарбаевтың «Бейбарыс Сұлтан», көрнекті жазушы Төлен Әбдіктің «Біз үшеу едік» және басқа да жазушылардың тартымды жаңа үлгідегі, көркем суреттелген кітаптарын қайталап оқуға болады.
Бұдан бөлек, оқырмандар әлем әдебиетінен Фериде мен Кемранның махаббаты баяндалатын түрік тілінен аударылған Решат Гүнтекиннің «Беймаза бозторғай», ағылшын жазушысы Джейн Остиннің ең танымал «Тәкаппар ғашықтар» романы, Франц Кафканың «Қамал» романы, Америка әдебиетінің жарық жұлдызы Дж.Д.Сэлинджердің «Френни және Зуи» хикаятын, Бразиялық белгілі жазушының «Садақшы» және басқа да авторлардың қазақ тіліндегі шығармаларымен таныса алады.