Павлодар облысында жатақханалар тексерілді
Арнайы тексерістен кейін оқу-тактикалық жаттығулар өткізіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Оразбек Уәлиханов мәлім етті.
– Республика бойынша өрт қауіпсіздігі деңгейін арттыру жөнінде пәрменді шаралар қабылдау мақсатында «Жатақхана» жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Былтыр республика бойынша жатақханаларда 13 өрт тіркелді, салдарынан төрт адам бақилық болды. Осындай тактикалық сақтық шаралар барысында адамдардың қайда хабарласып, бару керектігі түсіндіріледі,– деді ол.
13-17 қараша күндері ТЖД қызметкерлері облыстағы 33 жатақхананы өрт қауіпсіздігі ережелерінің сай екендігіне тексеріп, арнайы рейдтік шараларға шығады. Бүгінде 21 жатақхана тексеріліп, оқу-тактикалық шараларға 867 адам қатысты.
Облыстық ТЖД бастығының орынбасары Қайрат Шаймарденовтың айтуынша, жатақханада көбіне электр құрылғыларды пайдалану фактілері тіркеледі.
– Әрине, бұзушылықтарды тауып отырамыз. Бөлмеде қыздыратын электр плиталарды қосып қояды. Ал қосымша шығатын жердің есігін жауып, суық кірмеу үшін көрпелермен бекітіп тастайды. Ондай кезде біз ұйғарым шығара аламыз. Бүгінде олардың жартысы орындалды, – деді Қайрат Шаймарденов.
Бұдан бөлек өрт қауіпсіздігі ережелерінің талаптарын сақтау және білу тұрғысынан азаматтарға әлеуметтік сауалнама жүргізіледі.