Павлодар облысында әлеуметтік қызметпен қанша адам қамтылды?
Оларға оңалту, әлеуметтік көмек және кеңес түрінде қолдау көрсетілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюпова мәлім етті.
– Әлеуметтік қызметкерлер жалғыз тұратын қарттар, мүгедектігі бар, белгілі бір тұрғылықты жері жоқ, пробация қызметтерінде есепте тұрған адамдар, адам саудасының және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбандарына көмектеседі, – деді ол.
Оның сөзінше, жыл басынан арнаулы әлеуметтік қызметтермен он мыңнан астам адам қамтылды.
– Павлодар облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының қарамағында тоғыз арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді: алты стационар мен үш жартылай стационар, – деді Альмира Дисюпова.
Басқарма басшысы алдағы уақытта әлеуметтік қызметшілерге қатаң талап қойылатынын атап өтті.
– Жаңадан кәсіби стандарттар әзірленіп келеді. Әлеуметтік қызметкерлердің міндеттеріне бірнеше талаптар қойылып жатыр. Білім деңгейі, дағдылары мен көрсетілетін әлеуметтік қызметі қатаң бақылауда болады, – деді ол.
Айта кетейік, Қазақстанда жыл сайын қазанның соңғы жексенбісінде әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні атап өтіледі.