Павлодар облысында ауыл тұрғынынан ақбөкендердің мүйіздері тәркіленді
Ол ақбөкендердің өлекселерінен мүйіздерін кесіп алғанын айтып ақталған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Баянауыл ауданында ауыл тұрғынынан 55 дана ақбөкен мүйізі табылып, тәркіленді.
– Аталған фактіге қатысты Қазақстан Республикасы ҚК-нің 339-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тиісті сараптамаларды тағайындаумен барлық мән-жайлар анықталады, – деді департаментте.
Бүгінгі таңда облыс аумағында аулауға тыйым салынған 20 мыңнан астам ақбөкен бар. Жыл басынан бері табиғат қорғау заңнамасын бұзудың 134 фактісі анықталды.
Айта кетерлігі, ақбөкен Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілмеген, бірақ қазір облыс аумағында оларды аулауға тыйым салынған. Өсімдіктердің немесе жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз әрекет жасағаны үшін Қазақстан Республикасы ҚК 339-бабы бойынша қылмыстық жауаптылық көзделген.
Осы бап бойынша 3 000 АЕК дейінгі мөлшерде айыппұл, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарымен, не 800 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу, не белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, мүлкі тәркіленіп, сол мерзімге бас бостандығынан немесе бес жылға дейін белгілі бір қызметпен айналысу құқығымен айырумен жазасы көзделген.