Павлодарда 1300-ден астам бос жұмыс орны ұсынылды

Павлодарда 1300-ден астам бос жұмыс орны ұсынылды
Фото: автор

Өңір тұрғындарына мыңнан астам мүмкіндік қарастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыста ашық аспан астында кезекті бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Ауқымды шараға 50-ден астам жұмыс беруші қатысып, тұрғындарға 1300-ге жуық бос жұмыс орнын ұсынды. 

Павлодар қалалық мансап орталығының директоры Қарлығаш Сымбекованың айтуынша, жәрмеңкені ашық алаңда өткізу туралы шешім алдын ала қабылданған.

Бұл орынды әдейі таңдадық. Жәрмеңке туралы хабарландыруды бір ай бұрын жарияладық. Халықтың көбірек келуі үшін осындай алаңды таңдадық. Күннің астында қалмайтын аумақтар да алдын ала қарастырылды, – деді ол.

Жәрмеңкеде тек жұмыс берушілер ғана емес, мемлекеттік грант арқылы кәсібін ашқан кәсіпкерлер де өз өнімдерін таныстырды. Олардың қатарында тігін өндірісі, наубайхана және кондитерлік өнімдер шығару, әшекей бұйымдарын жасаумен айналысатын кәсіпкерлер бар.

Қазіргі уақытта өңірде ең жоғары сұраныс техникалық және жұмысшы мамандықтарына байқалады. Әсіресе, металл жонушы, дәнекерлеуші, электрик, монтажшы және слесарь мамандары өндіріс орындары үшін аса қажет.

Қазір ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелген төрт мыңнан астам азамат бар. Біз олардың санын азайту үшін жұмыс ұсынып, оқыту бағдарламаларына бағыттап келеміз. Бүгінгі жәрмеңкеде ұсынылған 1300 бос жұмыс орнының кем дегенде жартысына адамдарды орналастыруды жоспарлап отырмыз, – деді Қарлығаш Сымбекова.

Ұсынылған жалақы мөлшері мамандыққа байланысты өзгеріп отырады. Вахтер мен күзетші сияқты қызметтерде айлық 130–180 мың теңге шамасында болса, өндірістегі білікті мамандардың еңбекақысы 500–600 мың теңгеден асады.

Мансап орталығы жұмыс іздеушілерге тек бос жұмыс орындарын ұсынып қана қоймай, мемлекеттік бағдарламалар бойынша кеңес береді. 28 маусымнан бастап «Бастау Бизнес» бағдарламасына құжат қабылдау басталады. Сонымен қатар, азаматтар қайта даярлау, біліктілікті арттыру, жастар тәжірибесі және атаулы әлеуметтік көмек мәселелері бойынша да ақпарат ала алады.

Жәрмеңкеге құқық қорғау органдары да қатысып, өз жүйелеріндегі бос орындарды таныстырды. №44 мекеменің кадр саясаты бөлімінің инспекторы Ренат Жамбылдың айтуынша, қазіргі таңда ведомствода 54 бос жұмыс орны бар.

Оның ішінде 29 бақылаушы, жеті офицерлік және өзге де лауазымдар бар. Қызметке 18 бен 35 жас аралығындағы азаматтар қабылданады. Бір жыл еңбек өтілі бір жарым жыл болып есептеледі, сондай-ақ отбасы мүшелеріне тұрғын үй төлемі қарастырылған, – деді ол.

Ірі өндіріс кәсіпорындары да жұмысшы мамандарды белсенді іздеуде. «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ-ның рекрутері Людмила Воробьёваның айтуынша, кәсіпорын жүргізушілерді, электромонтерлерді, слесарь-жөндеушілерді, , өндіріс операторларын және басқа да жұмысшы мамандарды жұмысқа қабылдап жатыр.

Бізге шамамен жұмыс бойынша кеңес алуға 15 адам келді. Оның жетеуі байланыс мәліметтерін қалдырды. Қазір 20-дан астам бос жұмыс орнымыз бар. Жұмысшы мамандықтарының бірқатарына жоғары білім талап етілмейді, орта немесе арнаулы орта білім жеткілікті, – деді Людмила Воробьёва.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, бұл – биыл өткізілген жетінші бос жұмыс орындары жәрмеңкесі. Оның басты ерекшелігі – ауқымының кеңеюі. Бұған дейін, өткізілген алаңдар шамамен 500 адамды қабылдаса, бұл жолы мыңға жуық жұмыс іздеушіге қызмет көрсету көзделген.