Павлодарлықтар қандай қорғау құралдарын өзімен бірге еркін алып жүре алады?
@Pavlodarnews.kz тілшісі заңды бұзбай өзіңді қалай қорғауға болатынын анықтап білді.
ҚР Қылмыстық кодексінің 32-бабының қажеттi қорғаныс туралы ережелеріне сәйкес, кез келген адам қажетті қорғануға құқылы.
«Жекелеген қару түрлерінің айналымын мемлекеттік бақылау жасау туралы» ҚР заңында азаматтық қару бес санатқа бөлінеді:
- өзін-өзі қорғау қаруы;
- спорттық қару;
- аңшылық қару;
- сигналдық қару;
- оқсыз қару.
Олар коллекциялау, экспонаттау, өзін-өзі қорғау, спортпен, аң аулаумен шұғылдану мақсатында, сондай-ақ білім беру және мәдениет ұйымдары білім беру және мәдени мақсаттарда пайдаланылады.
Өзін-өзі қорғау қаруы, оның ішінде тегіс ұзын ұңғылы атыс қаруы не газды пистолеттер, револьверлер не электрлі қару екі бірліктен аспауға тиіс.
Қандай қорғаныс құралдарын өзімен бірге алып жүруге болады?
Әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы, полиция подполковнигі Азамат Исеевтың айтуынша, азаматтық қарудың кез келген түрін алып жүруге болмайды.
– Көзден жас ағызатын немесе тітіркендіргіш заттармен жарақталған механикалық бүріккіштер, аэрозольды және басқа да құрылғылар, үрлемелі қуаты 7,5 Дж-дан аспайтын және калибрі 4,5 миллиметрді қоса алғанға дейінгі пневматикалық қару тіркеуге жатпайды. Қазақстанның азаматы және 18 жасқа толғандар бұл қару түрлерін заңды тұлғалардан-жеткізушілерден рұқсатсыз сатып алуға құқылы,– деді Азамат Исеев.
Пышақтарға қатысты мәселе қиындау болуы мүмкін.
– Пышақ 7 сантиметрден асса, суық қару болып саналады. Полицейлер түнгі уақытта, рейд барысында күдік туғызатын адамнан пышақ тауып алса, сараптамаға жібереді. Сарапшы маман пышақтың диаметрі, ұзындығы тексеріледі, яғни пышақтың түрлілігін анықтайды, яғни суық қаруға жатады ма, әлде жоқ па, – деді спикер.
Ал электрлі қару, қарапайым сөзбен айтқанда электрошокерлер және газды қаруды денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органы және ішкі істер органы қолдануға рұқсат беру керек.
Жауапкершілік бар ма?
– Әйелдер өзін-өзі қорғаған жағдайда ең бастысы қажетті қорғаныс шегін асырып жібермеу керек. ҚР Қылмыстық Кодексiнің 32-бабына (Қажеттi қорғаныс) сәйкес қолсұғушыға анық шектен тыс, жағдай мәжбүр етпейтін зиян келтiрiлетiн болса, қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады. Оқиғаның салдары да сараптамамен дәлелденеді: өзін-өзі қорғау мақсатында, не қасақана жарақат салды ма, – деді әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы.
ҚР Қылмыстық Кодексiнің 34-бабында (Аса қажеттiлiк) қорғалатын мүдделерге аса қажеттілік жағдайында, яғни осы адамның немесе өзге де адамдардың өмiрiне, денсаулығына, құқықтары мен заңды мүдделерiне, қоғамның немесе мемлекеттiң мүдделерiне тiкелей қатер төндiретiн қауiптi жою үшiн зиян келтiру, егер бұл қауiптi өзге амалдармен жою мүмкiн болмаса және бұл ретте аса қажеттiлiк шегiнен шығуға жол берiлмесе, қылмыстық құқық бұзушылық болып табылмайды.
Фото: Константин Шелков