Павлодар облысында ауыл тұрғындарын денсаулығын тексеруден өткізуге шақыруда
Медициналық сақтандыру қоры ол үшін қаржы бөлді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы баспасөз жиынында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» ҚАҚ-ның Павлодар облысы бойынша филиалы директорының м.а. Алмагүл Ахметжанова мәлім етті.
2023 жылдың 1 мамырындағы жағдай бойынша ӘМСҚ қорына шамамен 1 трлн 812 млрд теңге түсті. Бұл қаражаттың 77,5 млрд теңгесі (4,3%) Павлодар облысынан түскен.
Сондай-ақ биыл МӘМС жүйесінде медициналық көмек көрсету үшін қордан Павлодар облысына 36,8 млрд теңге бөлінді.
- Президент тапсырмасы бойынша ауыл тұрғындарының денсаулығын жақсарту үшін биыл ауыл халқын профилактикалық тексерумен қамту мақсатында қосымша қаражат бөлінді. Сондықтан ауыл тұрғындарын тексеруден өтуге шақырамыз. Профилактикалық тексерілумен 18-70 жас аралығындағы әйелдер мен ерлер қамтылады, - деді Алмагүл Ахметжанова.
Тексеру аясында гастроэнтеролог, уролог, нефролог, УДЗ, маммография мамандарының кеңесі мен бірқатар зертханалық зерттеулер қолжетімді болады.
- Денсаулықтағы ақауды ертерек анықтау денсаулықты уақытында түзеуге мүмкіндік береді. Аудандық ауруханалар аталған жастағы адамдарды тексеруге өздері шақырады, - деді Алмагүл Ахметжанова.
Айта кетейік, биылғы жылдан бастап әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры стоматологиялық көмек көрсету бойынша тікелей келісімшарттар жасай бастады. Бұған дейін келісімшарттар емханалар арқылы жасалған. Бүгінгі таңда филиал стамотологиялық көмек бойынша 34 келісімшарт жасады.
Тегін медициналық көмек көрсетілетін ауруханалар мен емханалардың тізімімен қордың сайтынан www.fms.kz танысуға болады.
Фото: Константин Шелков