Мәжіліс депутаты Тереңкөл ауданындағы жаңа нысандарды аралады

Мәжіліс депутаты Тереңкөл ауданындағы жаңа нысандарды аралады
Фото: «AMANAT» партиясы Павлодар облыстық филиалының баспасөз қызметі

Жұмыс сапарымен Павлодар облысына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұржан Әшімбетов келді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Сапар аясында ол Тереңкөл ауданына барып, бірқатар кездесулер өткізді және «AMANAT» партиясының өңірлік сайлауалды бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан жобалармен танысты. Жұмыс сапары барысында депутатты Тереңкөл ауданының әкімі Азамат Маңғұтов және «AMANAT» партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Николай Дычко бірге алып жүрді.

Ауданда Мәжіліс депутаты ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен кездесіп, аграрлық саланы дамытуға қатысты өзекті мәселелерді талқылады. Нұржан Әшімбетов «Ауыл аманаты» бағдарламасындағы өзгерістерге ерекше тоқталды. Оның айтуынша, бүгінде негізгі басымдық ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру мен оларды қолдауға беріліп отыр. Бұл өз кезегінде фермерлер үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Аталған тақырып кездесуге қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырып, кеңінен талқыланды.

Жұмыс сапары барысында депутат азаматтарды жеке қабылдап, тұрғындардың өтініштбері мен ұсыныстарын тыңдады. Қабылдауда көтерілген мәселелердің басым бөлігі жер қатынастарына қатысты болды. Бұл сұрақтар жүйелі көзқарасты және одан әрі сүйемелдеуді талап етеді.

Сондай-ақ Нұржан Әшімбетов «Комаров» шаруа қожалығының астық қабылдау алаңына барып, кәсіпорынның өндірістік қызметімен танысты. Мұнда жиналған өнімді егін орағынан кейінгі өңдеудің толық циклі жүзеге асырылады, бұл өнім сапасы мен оның сақталуын қамтамасыз етеді.

Ивановка ауылында Мәжіліс депутаты «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында іске асырылған нысандарды – жаңа медициналық пункт пен күрделі жөндеуден өткен Мәдениет үйін аралап көрді. Сапар қорытындысында ауыл тұрғындарымен кездесу өтті. Кездесу барысында тұрғын үй құрылысы мәселелері көтеріліп, депутат фермерлердің өз қызметкерлері мен ауыл тұрғындары үшін тұрғын үй салуын қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарлама туралы түсіндірді.

Еске сала кетейік, бұған дейін «AMANAT» партиясынан сайланған Мәжіліс депутаттары Вера Ким мен Жарқынбек Амантай да Павлодар облысында жұмыс сапарымен болған еді. Олар өңірдегі жаңғыртылған кітапханалардың жұмысымен танысып, мәдениет саласы қызметкерлерінің еңбекақысын көтеру мәселесін талқылаған болатын.