Павлодар облысында бес мыңға жуық абаттандыру ережесі бұзылды

Павлодар облысында бес мыңға жуық абаттандыру ережесі бұзылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Полицейлер заңсыз қоқыс орындары пайда болуы мүмкін аумақтарды күн сайын тексереді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері абаттандыру саласында бес мыңға жуық құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Жұмыс «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында жүргізілуде.

Анықталған фактілердің қатарында тұрмыстық қалдықтарды белгіленбеген жерге тастау, құрылыс материалдарын заңсыз жинау, жасыл желектер мен инфрақұрылым нысандарына зақым келтіру және іргелес аумақтарды күтіп ұстау талаптарын сақтамау бар.

– Өңір тұрғындарын бейжай қалмауға шақырамыз. Ортақ пайдаланылатын орындардың ластануы немесе құрылыс қалдықтарының белгіленбеген жерлерге төгілу фактілері анықталған жағдайда, «102» телефонына хабарлау немесе «Police 102» мобильді қосымшасын пайдалану қажет. Құқық бұзушылар заңнамада көзделген жауапкершілікке тартылады, – деп хабарлады ведомство.

Тәртіп сақшылары рұқсат етілмеген қоқыс орындарының пайда болуына бейім аумақтарды тексеруді жалғастыруда.