Баянауыл ауданының киелі жерлерінде сенбіліктер ұйымдастырылады
Акцияның басты үндеуі – «Бізге берілген нәрсені бағалап, одан әрі ұрпаққа беру», деп хабарлайды @Рavlodarnews.kz тілшісі.
16 қыркүйекте сағат 10:00-де еліміздің барлық өңірлерінде бір мезгілде киелі нысандар аумағында «Kieli Tabigat» республикалық сенбілігі басталады.
– Павлодар облысында бұл акция Баянауыл ауданының киелі жерлерінде өтеді. Фольклортанушы-ғалым, философ Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің кесенесі мен Қоңыр Әулие үңгірін, Жасыбай батырдың қабірінің аумағын тазарту жоспарланып отыр, – дейді ұйымдастырушылар.
Шараға өңірлік жастар ұйымдарының өкілдері, жас жұлдыздар, блогерлер, қоғамдық пікір көшбасшылары, жастар ресурстық орталықтары, студент жастар, эковолонтерлер қатысады. Олар аумақты жинау бойынша сенбіліктер ұйымдастырады, ағаш отырғызуға, плоггингке қатысуға, қасиетті нысандарды, табиғатты, планетаны қорғауға шақырады.
Шараға 250-ден астам белсенді қатысуды жоспарлап отыр.