Павлодар облысында атмосфералық ауаның ластануы азайып келеді

Экологтар негізгі себептерін атады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Биылғы жылдың басынан бері Павлодар облысында ірі өндірістік кәсіпорындардың экологияға тигізетін әсері біршама азайғаны байқалды. Бұл жөнінде өңірлік экология департаментінің басшысы Қанат Мұсапарбеков мәлімдеді.
– Биылғы жартыжылдықта атмосфераға тасталған зиянды қалдықтар көлемі 322 мың тоннаны құрады. Бұл – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 27 мың тоннаға аз. Атап айтқанда, «Қазақстан алюминийі» мен «Павлодарэнерго» акционерлік қоғамдары секілді ірі кәсіпорындарда шығарындылар көлемі айтарлықтай төмендеген. Бұған гибридті сүзгілердің орнатылуы мен өндіріс көлемінің азаюы себеп болып отыр, – дейді департаменттің басшысы.
Жалпы, облыста жыл сайынғы ластаушы заттардың көлемі 700 мың тоннадан асады. Бұл шығарындылардың 44 пайызы – Екібастұздан, 26 пайызы – Ақсу қаласынан, 25 пайызы – Павлодардан, қалған бес пайызы – өзге аудандарға тиесілі. Сарапшылардың айтуынша, ластанудың негізгі көзі – бірінші санаттағы ірі кәсіпорындар. Олардың үлесі жалпы шығарындылардың 95 пайызын құрайды. Ал шағын және орта бизнес субъектілерінің (қазандықтар, карьерлер, АЖС және өндірістік базалар) үлесі небары бес пайыз шамасында.
Экологтар қазіргі таңда шығарындылар көлемін азайту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. 2021 жылы облыста – 730 мың тонна, 2023 жылы – 703 мың тонна, ал биылғы жартыжылдықта 322 мың тонна ластаушы зат тіркелген. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай төмен.
Сонымен қатар, экология департаменті алдағы уақытта да өндіріс ошақтарының қоршаған ортаға әсерін азайту шараларын қатаң бақылауда ұстайтынын алға тартты.