«Таза Қазақстан»: Павлодарлық жастар қарттар үйі аумағын қоқыстан тазартты
Тазалық жұмыстарына 40-тан астам ұйымның белсенділері атсалысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«AMANAT» партиясы «Жастар рухы» жастар қанаты қоғамдық бірлестігі Павлодар облыстық филиалының және Жастар бастамаларын дамыту орталығының белсенділері Павлодар облыстық мүгедектігі бар адамдар мен қарттарға арналған арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына барып, «Таза Қазақстан» акциясы аясында сенбілік өткізді. Олар қарттар үйінің ауласын қоқыстан тазартып, қураған шөптер мен қалдықтарды жинады.
Іс-шараның мақсаты – жас ұрпаққа өнегелі тәрбие беру, табиғатқа деген жанашырлығын ояту, адами құндылықтарды насихаттау.
– Орталықта 273 адам тұрады, оның 94-і – мүгедек адамдар. Мекеме үлкен. Аумағы 3,3 га құрайды. Шыны керек, біз әрқашан өз күшімізбен аумақты тазалап, абаттандыра алмаймыз, – дейді Павлодар облысының мүгедектігі бар адамдар мен қарттарға арналған арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының директоры Марина Стрелковская.
Оның айтуынша, ағымдағы жылдың көктемінде партиялықтар мекемеге қайырымдылық көмек ретінде көшеттер, гүл отырғызуға арналған отырғызу материалдарын әкеліп, аумақты абаттандыруға қол ұшын береді. Аталмыш жұмысты партия тұрақты негізде жүргізеді.
Сондай-ақ, мекемеде жәрдемақы, тұрмысқа қажетті, медициналық, заңгерлік, несиелік жағдай бойынша қызметтер ресімделеді.
– Еріктілер мен белсенді тұрғындар қарттарға қамқорлық көрсетеді. Әр өңірдегі қарттар үйінің ауласын тазалап, қоршауын бояп, ақсақалдар мен ақжаулықты аналарға көмектеседі. Мұндағы мақсат – «Қарты бар үйдің қазынасы бар» деген қанатты сөзді арқау етіп, жастардың үлкендерге деген құрметін арттыру, қарттарға деген ізгілікті дәріптеу. Ұрпақтар сабақтастығы – Қазақстанның болашағы үшін маңызды шарттардың бірі деп ойлаймын, – дейді «AMANAT» партиясы «Жастар рухы» жастар қанаты қоғамдық бірлестігі Павлодар облысы филиалының төрағасы Мерғали Жүсіп.
Спикердің сөзінше, «Таза Қазақстан» акциясынан бөлек, үш айда бір рет «Ардагерлерді ардақтайық» атты партия жобалары аясында қарттар үйінде жұмыс атқарылады.
– Акция аясында әр бейсенбі сайын ұйымнан 100-ден аса белсенді жас қатысады. Бұл тек жай сенбілік емес, сондай-ақ, жастарды тәрбиелеп, тазалық сезімін оятуға, жастар арасындағы тығыз қарым-қатынасты орнатады, – дейді «Жастар рухы» ЖҚ кеңесшісі Данель Козкина.
Алдыңғы кездесуде жас буын өкілдері қарттар үйіндегі адамдармен әңгіме-дүкен құрып, көңілді отырыс өткізген.
Айта кету керек, елді бірлікке, тазалыққа насихаттайтын «Таза Қазақстан» акциясын өткізуге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ресми түрде тапсырма берген болатын. Бұл – тазалықты насихаттап қана қоймай, ел-жұрттың басын біріктіретін рухани маңызы бар жоба. Жастар әр бейсенбі сайын қала аумағына сенбілікке шығады. Осы орайда еріктілер қала тұрғындарын табиғатты аялауға, қаланың тазалығын сақтауға шақырды.