Экологтар Ертіс тармағында судың жасылдану себебін айтты

Экологтар Ертіс тармағында судың жасылдану себебін айтты

Жергілікті тұрғындар өзеннің жасыл түске боянып, дақ басып қалғанын байқаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Павлодар ауданы Мичурино ауылында Ертіс өзені жасыл түске боялып, үстінде дақ басып кеткені видеоға түсіп, әлеуметтік парақшаларының бірінде жария етілді. Облыстық экология департаментінің қызметкерлері өзеннің жасылдану себебін анықтау үшін Мичурино ауылына барған еді.

– Бейнедегі көрсетілген жер Ертіс өзенінің тармағы болып табылады. Бұл орын ағынды емес. Қазіргі уақытта құрғақ кезең және жауын-шашынның болмауы байқалады, сонымен қатар жоғары температура мен буланудың едәуір мөлшері осындай таяз су объектілерінің батпақтануына себепші болады. Судың «жасылдану» себебі жоғарыда аталған факторлар деп санаймыз, – деді департаментте. 

Экология департаменті мен «Қазгидромет» РМК филиалының зертханаларында ластаушы заттарды анықтау мақсатында алынған судың сынамалары талданатын болады. Сараптаманың нәтижелері бойынша тиісті іс-шаралар қабылданады.

Еске сала кетейік, жақында Павлодарда Ертістің саласы көк түске боялған еді. Ол жерде белгісіз адамдар флуоресцентті бояғыш зат төккен . Құқықбұзушыларды іздестіріп жатыр.