Павлодар облысында колледж студенттерінің саны артты
Өңірде 40-тан астам колледж бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық білім беру басқармасының техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Қарлығаш Асайымова мәлім етті.
– Соңғы 3 жыл ішінде колледж студенттерінің жалпы саны бес мыңға дейін артты. Яғни, 2021 жылы студенттер саны 18 184 болса, 2024 жылы 23 172 адамды құрайды, – деді Қарлығаш Асайымова.
Ағымдағы жылы бюджет қаражаты есебінен техникалық және кәсіптік орта білімнен кейінгі кадрларды даялауға мемлекеттік білім беру тапсырысының рекордтық көлемі бөлінді. Жалпы орындардың саны 6200-ді құрады. Бұл - 3 жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 37%–ға артық.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес кәсіпорындардың өтінімдері бойынша кадрларды даярлау жүргізіліп, оқуды аяқтаған соң олар міндетті түрде жұмысқа орналастырылады. Бүгінгі таңда нысаналы оқыту аясында облыс колледждерінде 1040 студент оқиды.
Айта кету керек, облыста колледждер жанынан 32 жатақхана жұмыс істейді, яғни студенттердің жатақханаға деген қажеттілігі жоқ.
Сондай-ақ, талапкерлерге 9 және 11-сыныптар базасында білікті жұмысшы кадрлар, орта буын мамандары және қолданбалы бакалаврлар бөлінісінде 71 мамандық бойынша таңдау мүмкіндігі берілді.