Павлодар облысында мал ұрлығымен айналысқан топ ұсталды
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысында мал ұрлығымен айналысты деген күдікке ілінген қылмыстық топтың заңсыз әрекетінің жолы кесілді. Арнайы операция облыс прокуратурасының үйлестіруімен және облыстық полиция департаменті криминалдық полиция қызметкерлерінің қатысуымен жүргізілді.
Күдіктілер Май ауданында қолға түсті. Олардың автокөлігін тінту барысында қылмысқа қатысы бар заттай дәлелдемелер анықталып, тәркіленді.
Павлодар облысы ПД криминалдық полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Азат Құсайыновтың айтуынша, жедел іс-шаралар нәтижесінде жалпы құны бір миллион теңгеден асатын мал ұрлығына қатысы бар деген күдікпен екі адам анықталған.
– Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілердің бірі уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта олардың осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп жатыр, – деді Азат Құсайынов.
Құқық қорғау органдары тергеу амалдарын жалғастыруда. Сонымен қатар полиция өңір тұрғындарын малды қараусыз қалдырмауға, жайылым кезінде сақтық шараларын күшейтуге және күмәнді жағдайлар байқалған жағдайда дереу полицияға хабарлауға шақырды.